«Жетісу жастары» орталығының мәжіліс залында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қала мектептерінің менторларымен кездесті,-деп хабарлайды taldykorgan-online.kz. қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында қала әкіміне 2024 жылы менторлармен бірлесіп атқарылған жұмыстар жайында баяндалып, алдағы міндеттер мен межелер талқыланды.
Еркін форматта өткен жиында менторлар тарапынан ұсыныстар мен өзекті сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді әрі мақсатты өткізу мақсатында тегін үйірмелер санының арттырылуы керектігі және қала әкімінің жүлдесіне арналған мектеп оқушылары арасындағы «Жайдарман» ойынын өткізу сияқты ұсыныстар айтылды.
Өз кезегінде қала басшысы айтылған ұсыныстарды қолдайтындығын және әр тоқсан сайын менторлармен жүздесіп тұруға уағдаласты.
«Өздеріңізге белгілі, біздің өңірімізде облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы қолға алынып, бүгінде облыс бойынша 126, ал қала бойынша 31 ментор жұмыс істеуде. Олар 9 бағытта сараланған тиімді әдіс-тәсілдермен мектеп оқушыларымен жұмыс жасап жатыр. Бұл жоба әлі де өз жемісін береді деп сенемін», — деді қала әкімі Ернат Бәзіл.