Мектепке дейінгі ұйымдарды дербестендірілген (ваучерлік) қаржыландыру жобасына сай Талдықорған қаласын енгізу наурыз айынан басталады. «Өңірлерді мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаға қосу кестесін» басшылыққа ала отырып, білім басқармасы тарапынан жұмыс тобы құрылып, жоспары бекітілді.
Жетісу облысы білім басқармасының «Мектепке дейінгі білім» бөлімінің басшысы Жұлдыз Мырзаханова баспасөз мәслихатында «Облыстағы мектепке дейінгі ұйымдарды дербестендірілген қаржыландыру жобасына енгізу үшін жұмыс тобы «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлескен ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды қамтамасыз ету бойынша 2 отырыс өткізді. Білім басқармасының экономика және мектепке дейінгі білім беру бөлімдерінің басшылары ваучерлік қаржыландыруды енгізудің әдістемесі бойынша Шымкент, Тараз қалаларында тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, ваучерлік қаржыландыру бойынша 2 қалалық, 8 аудандық білім бөлімдерінің мамандарымен және білім бөлімдерінің мектепке дейінгі ұйымдарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді»-деп атап өтті. Осы орайда Талдықорған қаласы бойынша 16 мемлекеттік, 48 жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленушілердің баруын есепке алу және электронды табельдеу QR кодтар бағдарламалық жүйелерімен қамтамасыз етілген. Білім беру мекемелерінде QR-код және Face ID технологияларын пайдалану арқылы қатысуды есепке алу жүйесін енгізу білім беру саласындағы процесстердің дәлдігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Барлық деректер «e-zhetysu» бағдарламалық өнім серверлерінде шифрланған түрде сақталады. Бұл ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.





























