«Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі құрылды

353

Жетісуда «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі құрылды. Бұл жастардың шығармашылық қабілетін жетілдіруге негізделген білім беру үдерісі. Өңірдегі шығармашыл жастардың шабытын шыңдау, жаңа есімдерді қалыптастыру мақсатында Жетісу облысы әкімдігінің бастамасымен өткізіледі. Айта кетейік, әдебиет мектебі – еліміздегі тұңғыш авторлық жоба.

 

Ерекшелігі —  шалғай орналасқан  елдімекендегі  әдебиетке әуес оқушылар ақын-жазушыларды қалаға іздеп келмейді, керісінше, аймақтағы танымал қаламгерлер ауылда жүрген таланттарды өздері іздеп барады.  Жас қаламгерлерді өлең, шағын әңгіме, мақала, эссе, шығарма жазуға машықтандыру, поэзия, проза жанрында қалам тербеген жетісулық ақын-жазушылардың еңбегін насихаттай отырып, жеке жазу стилін қалыптастыру, аймақтағы жас қаламгерлердің әдеби байланысын күшейту, шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, облыстағы мәдени іс-шараларға тарту, әдеби байқау ұйымдастыру, мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерде бірлесе жұмыс істеуге тарта отырып, олардың бойындағы отансүйгіштік қасиеттерін жетілдіру сынды жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов «Әдебиет мектебіне Жетісу облысының шығармашылыққа қызығушылығы бар 6-10 сынып аралығындағы оқушылары қатыса алады, форматы — жылжымалы. Жылжымалы мектеп облыстың әр аудан орталығында-қалада 1 апта сабақ өткізеді. 2 лектор «оқу әдебі» және «жазу мәнері» сабағынан дәріс өткізеді. Оқу әдебінен – ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреев сабақ берсе, жазу мәнерінен – «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, ақын – Мұхтар Күмісбек лекция өткізеді»-деді. Жоба аясында өңірде сауатты әдеби фундаменті бар жас ақындар, жаңа есімдер  қалыптасады деп күтілуде. «Әдебиет мектебінде әр ауданнан 20 оқушы қабылданады. Оларға курсты толық аяқтағаны туралы сертификат табысталады. Жалпы облыста 8 аудан, 2 қаланы қосқанда 200 баланы оқытуды жоспарлап отырмыз. Негізгі тәлімгерлерден бөлек, елге танымал, белсенді ақын-жазушылар қонақ дәріскер ретінде шеберлік сағатын өткізетін болады»-деп атап өтті жоба ұйымдастырушысы Мұхтар Күмісбек. Алғашқы сабақ Көксу ауданынан бастау алмақ. Жас дарындарға өткен ғасыр мен бүгінгі заманғы қаламгерлердің туындыларынан біріктірілген арнайы оқыту-түсіндірме бағдарламасы қамтылған жинақ ұсынылатын болады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз