Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қоғамдық кеңес өкілдерімен Тіл сарайында кездесіп, жаңа құрамымен танысып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Кездесуді облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева жүргізіп, қоғамдық кеңестердің қызметі мен мақсат-міндеттеріне тоқталды. Жалпы, жаңа жұмыс тобын жинақтау үшін арнайы конкурс жарияланып, 50 кандидат өтінім берген. Облыстық мәслихат төрағасының өкімімен жаңартылған қоғамдық кеңеске 32 жаңа құрам бекітілді. Олардың қатарында азаматтық қоғамның, мемлекеттік органның өкілдері бар. 72 пайызға жаңартылған қоғамдық кеңес мүшелерін Гүлнар Қожағұлқызы арнайы таныстырды.
Қоғамдық кеңестің жұмысы халықтың сенімін арттырып, жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық мәселелердің айналасында шоғырлануы қажет екенін айтқан аймақ басшысы, қоғамдық кеңестің жаңа құрамының жұмысына сәттілік тіледі.
– Қоғамдық кеңес мүшелеріне үлкен сенім мен жауапкершілік жүгі артылды. Бізді бір ғана мақсат біріктіретінін ұмытпауымыз керек. Ол – құқықтық мемлекет, әділ қоғам орнату және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін біз ашықтық пен әділдік қағидасын ұстана отырып, бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Бірлесе еңбек еткеннің нәтижесінде облыс әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша бірінші орында тұр. Бұл – бәріміздің ортақ жетістігіміз. Жалпы облысқа 573,5 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Мысалы, Панфилов ауданында «Standard Steel KZ» ЖШС полимерлі мырышталған болатты дайындау, Талдықорғанда «Қайнар АКБ» зауытының өнеркәсіптік аккумулятор батареяларын шығаратын жаңа жобалар іске асырылады. Облыста құс фабрикасын, жүгері өңдейтін, үшінші қант зауытының құрылысын салу үшін инвесторлармен жұмыстар жүргізілуде. Биыл шамамен 2500 отбасы баспаналы болады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 22 елді мекен газдандырылса, жыл соңына дейін тағы 41 елді мекен газдандырылады. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін біз Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі 126 елді мекеннің барлығын газдандырамыз. Нәтижесінде халықтың 72 пайызы көгілдір отынға ие болады. «Талдықорған-Үшарал» газ құбырының құрылысы да аяқталады, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде облыс басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 150 орындық оңалту орталығы мен мектеп, Мәдениет үйі, кітапхана, спорт кешені, Талдықорған қаласында көркем гимнастикаға арналған залдың құрылысы басталатынын айтты. Осындай жұмыстың жүйелі атқарылу жолында қоғамдық ұйымдардың да белсенді болуы керектігін атап өтті.
Кездесу соңында қоғамдық кеңестің төрағасы Әсет Қыдырманов және қоғамдық кеңес мүшелері облыс басшысына артылған сенімге селкеу түсірмей, бір ауыздан бірлесе жұмыс жүргізілетінін айтып, алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, бір күн бұрын облыс әкімінің орынбасары Диас Есдаулетов бұрынғы қоғамдық кеңістің мүшелерімен кездесіп, атқарылған жұмысты саралап, төрағалық қызмет атқарған Ерғазы Қошанбеков пен кеңес мүшелеріне алғысын білдірген болатын.
Еңлік КЕНЕБАЙ





























