Талдықорған қаласы әкімдігінің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібінде қаланың 2024 жылғы әлеуметтік — экономикалық дамуының қорытындылары және 2025 жылға арналған жоспары, өңірдегі заңдылықтың сақталуына жүргізілген жоғары қадағалау қорытындылары, құқық бұзушылықтың алдын алу мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар және өзекті проблемалық мәселелер, 2024 жылғы бюджетке түскен түсімдер және 2025 жылға арналған жоспарлар туралы мәселелер қаралды.
Аталмыш тақырыптарда қала әкімінің орынбасары Рүстем Бершінбеков, Талдықорған қаласы прокурорының орынбасары Адай Құтымов, Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы Ернар Ширбаев, Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Оспанов баяндама жасады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаланың экономикасының барлық салаларында өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіпте — 4,3%, бөлшек тауар айналымы –7,0%, ауыл шаруашылығында – 1,2%, құрылыс жұмыстарының көлемі 16,2%-ға ұлғайды, тұрғын үйді пайдалануға беру – 7,2%-ға өсті. Биылғы жылы әдеттегідей тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында тұрғын үй құрылысына басты назар аударылмақ. Басты жобалардың бірі – «Қаратал» шағын ауданының оң жағалауында 150 орынға арналған мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған оңалту орталығының құрылысын бастау. Сонымен қатар, келіссөздердің нәтижелері бойынша инвесторлар есебінен 200 орынды жаңа онкологиялық орталық салу да қарастырылған. Спорт саласында тағы да жаңа ғимарат көпсалалы спорт кешені бой көтермек. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл «Облыс әкімінің қолдауымен алдағы екі жылда қаламызды дамытуға ерекше назар аударылатын болады, осылайша 2024 жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы қала бюджеті 32,7%-ға өсті. Біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұр, әлі шешілмеген мәселелер мен жүзеге асырылатын жаңа жобалар, міндеттер аз емес. Әр мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдау керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиістіміз» –деді. Ернат Дүйсенбекұлы жол құрылысының сапасы, сонымен қатар коммуналдық нысандардың жұмысы ерекше бақылауды қажет ететінін тілге тиек етіп, жолаушыларды тасымалдау саласы сын көтермейтін жағдайда, атап айтқанда әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан көптеген наразылық туындап келетіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының өсуіне байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шараларды күшейту қажеттігін, кәмілеттік жасқа толмаған балалар арасында қылмыстардың алдын алу мақсатында мектептерде тіркелген менторларды тарта отырып оқушылармен, ата-аналар және мұғалімдермен тұрақты түрде кездесулер өткізуді, саяжай тұрғындарын ауыз сумен толығымен қамтамасыз ету, қала аумағында салынатын көше жолдарының сапасына аса мән беру керек екенін қатаң ескертті. «Бізден нақты, үйлесімді және жедел жұмыс істеу талап етіледі» дей келе экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, кәсіпкерлік, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, төтенше жағдайлар басқармасына тиімді шаралар ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма жүктеді. Құзырлы органдарға қаламыздың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жоспардағы жұмыстарды тұрақты бақылауға алу қажеттігін баса айтты.





























