«Жетісу» волейбол қыздар командасы ел Чемпионатының IV турындағы алғашқы ойында жеңіске жетті

73

Кеше Талдықорғанда волейболдан Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында Қазақстан Республикасының XXXIII чемпионатының IV тур ойындары басталды. Волейбол ойындары «Жастар» Спорт сарайында өтіп жатыр. «Жетісу» командасының түркістандық «Тұранмен» болған ойынын облыс әкімі Бейбіт Исабаев, жетісулық жанкүйерлер тамашалады.

 «Жетісу» төртінші турдың өз алаңындағы алғашқы ойынында «Тұран» командасын 3:0 есебімен (25:14, 25:18, 25:16) ұтты. Сөйтіп, жетісулықтардың бірінші ойындағы қадамы сәтті болды. Тур барысында Карина Денисова мен Перизат Нұрбергенова командаға әрқайсысы 16 ұпайдан алып беріп, үздік ойын үлгісін көрсетті.

Ойын аяқталған соң облыс әкімі Бейбіт Исабаев команда ұжымын жеңісімен құттықтап, волейболшыларға қолдау білдірді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне қарағанда, осы турда «Жетісу» волейбол командасы алты ойын өткізеді, соның бірінші — «Тұран» командасымен болған жарыс. Алда жетісулық қыздар «Ақтөбе», «Қарағанды», «Алматы», «Ару-Астана», «Грация KZ» командаларымен бақ сынасады. Жетісулықтардың бұл ойындары күнделікті кешкі сағат 18:30-да «Жастар» Спорт сарайында өтеді.

Атап өтсек, төртінші тур ойындары 12 ақпанға дейін жалғасады. Әзірге турнир кестесіне «Жетісу» командасы 20 жеңіс, яғни 61 ұпаймен I  орында тұр. Чемпионаттың қорытындысы наурызда өтетін плей-офф ойындарынан кейін анықталады.

Еске салсақ, өткен жылы «Жетісу» волейбол клубына Талдықорғанда оқу-жаттығу орталығы және инвестордың қолдауымен тұрғын үй салынып, қолданысқа берілген болатын.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз