Талдықорған Жастары орталығы мен «It Service Education» Қоғамдық Бірлестігінің ұйымдастыруымен Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің студенттері арасында инклюзивтік тренинг өткізілді. Бұл шара мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуі мен инклюзивті білім алуға деген көзқарасты жақсартуға бағытталды.
Тренинг барысында қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру жағдайлары мен олардың күнделікті кездесетін қиындықтары туралы тың ақпараттар алды. Сонымен қатар, шараға зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлім кітапханасы да қатысып, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармаларын таныстырды.
Кітапханашы Нұрланов Рауан зағип және нашар көретін жандарға арналған арнайы құрылғыларды да таныстырып, олардың мүмкіндіктерін көрсетті. Қатысушылар дауыстап оқитын Clear Reader құрылғысымен, Victor Reader тифлофлешплеерімен және басқа да көмекші құралдармен танысты. Бұл құрылғылар көру қабілеті шектеулі адамдардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, олардың кітап оқуына мүмкіндік береді.
Аталмыш іс-шара студенттердің инклюзивті қоғам туралы түсінігін кеңейтіп, ерекше қажеттіліктері бар жандарға деген жанашырлық сезімдерін арттырды.