Жетісу аймағы: Шекараның үздігі

40

Шекарашылардың қатарында адал қызметімен ерекше көзге түсіп, өз саласында жақсы жетістікке жеткен мамандар жетеерлік. Солардың бірі — ефрейтор Ғабит Есмұрат. Ол ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті «Қорғас» шекаралық бақылау басқармасының «Нұр Жолы» (жолаушылық) шекаралық бақылау бөлімінің аға нұсқаушысы.

2019 жылдан бері жасыл күнқағарлылардың сапында еңбек етіп келе жатқан шекара сақшысы жоғары кәсіби шеберлігімен танымал. Ғабит Ермекұлы Отан алдындағы әскери борышын өтеген соң келісімшарт негізінде әскери қызметке орналасады. Алғашында «Ынталы» шекара заставасында топ бастығы болып қызмет атқарды. Содан кейін «Нұр Жолы» (жүктік) бөліміне кіші бақылаушы лауазымына ауысты. Шекаралық қызметке деген жауапкершілігі мен кәсіби дайындығы оған үздік маман ретінде қалыптасуға мүмкіндік берді. ҚР Шекара қызметінің Кинология орталығында төрт айлық арнайы курста оқып, қызметтік иттерді даярлау ісінде жоғары білім алды. Қазіргі кезде аға ит нұсқаушысы лауазымында. Оның кәсіби шеберлігі өткен жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің біріншілігінде ұйымдастырылған қызметтік иттер жарысында «Адамды тексеру» номинациясы бойынша үздік кинологиялық есеп тобын басқарып, жоғары нәтиже көрсетуімен дәлелденді. Бұл марапат — оның үздік шекара маманы екенін айқындады. Ефрейтор Ғабит Есмұрат сынды мамандар — Шекара қызметінің мақтаныштары. Оның қажырлы еңбегі, адалдығы мен кәсіби шеберлігі жас шекарашыларға үлгі болып, шекара шебінің қауіпсіздігіне зор үлес қосып келеді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз