ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасында қызметіне адал тұлғалар қызмет етеді. Солардың бірі — Оқу-жаттығу үйрету кавалериялық тобының қайысшысы Қуаныш Жамашев.
Оның өмір жолы мен қызметтегі жетістіктері — шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан еңбек адамының жарқын үлгісі. Қуаныш Серікұлы 2006 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жаркент қаласындағы 2091 әскери бөліміне келісімшарт негізінде атшы лауазымына қызметке орналасты. 2019 жылдан бастап Оқу-жаттығу үйрету кавалериялық тобының қайысшысы болып қызмет етеді. Аталған қызметте жылқыларды үйрету мен олардың шекара қызметіне бейімделуіне ерекше үлес қосып келеді. Оның қажырлы еңбегі — шекарадағы кавалериялық топтың маңызды бөлігіне айналған жылқылардың дайындығына жақсы ықпал етуде. Ол күнделікті қызметте — жылқыларға арналған әбзелдер мен құрал-жабдықтарды жасаумен және жөндеумен айналысады. Жылқы үйрету орталығының ер-тұрман, жүген, құйысқан, өмілдірік сияқты жабдықтарын жасайды. Олардың сапасын үнемі бақылауда ұстайды. Жылқының жайлылығы мен қауіпсіздігі, шабандоздың сенімділігі қайысшының еңбегіне тікелей байланысты екені сөзсіз. Қуаныш Серікұлы еңбегі тек қызметтік міндеттерді орындаумен шектелмейді. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарды үйретуге де ерекше мән береді. Оның жылқылармен жұмыс істеудегі біліктілігі, сабырлығы мен қайсарлығы әріптестері арасында үлкен құрметке ие.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы департаменті