Жалпы, қаламыз бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 15 мыңнан астам азамат тұр. Осы азаматтарымызға былтыр 1200-ден аса қолжетімді баспана ел игілігіне берілсе, биыл бұл көрсеткішті 1400 баспанадан асыру жоспарлануда.
Азаматтарымызды қолжетімді баспанамен қамту екі жолмен жүзеге асырылады:
1. Жекешелендіру құқығы бар жалдамалы баспана.
2. «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несиелік баспана.
Сонымен қатар, қала жастарын, яғни 21 бен 35 жас аралығындағы азаматтарды қолжетімді баспанамен қамту үшін «Жетісу жастары» бағдарламасы «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаға қала жастары белсенді түрде қатысуда.
Береке коттедж қалашығында орналасқан үйлерге былтыр жөндеу жұмыстары аяқталып, 97 көпбалалы отбасыға берілді. Биыл қосымша 107 коттедждің құрылысын аяқтап, көпбалалы отбасыларға тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар, Жастар-3 тұрғын үй алабында 56 баспананың құрылысы аяқталып, 2025 жылдың 1-ші тоқсанында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға беріледі деп күтілуде. Жыл соңына дейін қосымша 150 баспананың құрылысын аяқтау міндеті де алға қойылған.
Құрметті талдықорғандықтар!
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспаналарды кезекте тұрған азаматтарға беру ашық және жария түрде өтеді. Талдықорған қаласы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының отырыстары әрдайым жүйелі түрде Талдықорған қаласы әкімдігінің ресми парақшасында онлайн түрде жарияланады. Барлық шешімдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қабылдануда.
Қала тұрғындарын жайлы және қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету — қала әкімдігінің басты назарында!