Қаламызда бүгін Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан батыры, III- дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, қатардағы Аманов Айбат Ерболұлына арналған «Ерлік сыныбы» ашылу салтанатты жиын өтті.
Суреттерді түсірген Олжас Құрмашев.
Шоқан ата мектебінің өрендері есік алдынан қонақтарды күтіп алды. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, ҚР Ұлттық ұланы Оңтүстік өңірлік Қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік- құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев, батырдың анасы Гүлназ Әлкенқызы, бауыры мен әпкесі және әскери бөлім сарбаздары шараға қатысты. Арнайы сыныпты ашылу құрметінде қала әкімі Е. Бәзіл өз тілегін білдірді. «Отан отбасынан басталады. Айбат Ерболұлы өз азаматтық борышын қорғау жолында мерт болды. Жауынгердің бойындағы елжандылық, адамгершілік, ар-ождан мектеп, өз отбасынан басталады. Бүгінгі арнайы сыныптың ашылуы болашақ өрендерге үлгі болсын ниеттен туып отыр. Мектеп қабырғасында білім алушылар — ертеңгі ел азаматтары. Болашақ тізгіні сендердің қолдарыңда, сондықтан оқуды жақсы оқып, ерлікті ұлықтап жүріңдер» ,- деді.
Полковник Н.Әлкешев болашақ қорғаушыларға «Жас бүркіт» сыныбының символикасы бейнеленген шеврондар мен Ұлттық ұланның формасын табыстады. Сарбаздың анасы Гүлназ Әлкенқызы өз сөзінде: «Айбат әрқашан да ақжарқын, қуанышты болып жүретін. Кішкене кезінен-ақ өзінің ерекшелігімен көзге түсетін, жастай баланың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін. Өте бауырмал еді, әрқашан ағасы мен қарындасын сыйлап, қастарында жүретін. Ер бала болғасын спортқа да қызығушылығы 8 жасынан бастау алды. Алдымен күреске барып жүріп, кейіннен өзіне жақын тартып былғары қолғап «бокс» үйірмесіне жазылды. Арада 8 жыл бойы айналысып ауыл, аудан, облыс,тіпті республика көлемінің алтын жүлдегері атанды. «Генадий Головкин ГГ, Серік Сапиев СС, менде Айбат Аманов АА-мын ғой, әлі-ақ әйгілі боламын» деп құлшынып тұратын еді. Айбат Қарағанды қаласында туған. Колледжде білім алды. Азаматтық борышын өтеуге шақырылғанда қатты қуанды. Ер-азамат ретінде Отан алдындағы міндетімді өтеуге тиіспін, ол менің парызым деп санады. Небәрі 18 жасында Қаңтар оқиғасы кезінде қапияда қаза тапты. Бүгінгі күннің батыры деп құрметтеп жатқандықтарыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Баламның арманы көп еді. Ұлттық ұланның қатарында болды. Ол жоғары білім алуды да мақсат етті. Арманына жете алмады. Ел іргесі аман болсын. Тыныштық, ашық аспан болсын».
Қабырғамызды қаусатқан «Қаралы қаңтар» ұзақ жылдар бойы есімізден кетпейтіні хақ. Еліміздің бірнеше облыстарында бір уақытта бейбіт шеру лаңкестік әрекетке айнала бастады, зәулім ғимаратттар отқа оранып, түгелдей қиратыла бастады. Заңсыз әрекетке жол бермеу, Тәуелсіздігімізді сақтап қалу жолында Ұлттық ұлан құрамалары «жоғарғы деңгейлі» дабылы бойынша жасақталып, лаңкестерді тоқтатуға алаңдарда тізіле бастады. Әрбір ұландықтың ойында антымызға адал болып, заңсыздыққа жол бермеу. 5 күн, 5 түн бойы шерулер тоқтамады, қасақана әрекет жасаушылар құрақталды. Сол сұрапыл күндері Антына адал болып, өзгенің жанын артық көрген Талдықорған қаласындағы Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің аға маманы (аға гранатометшісі), отбасысының кенжесі, ауылының мақтанышы, достардың асылы қатардағы Айбат Аманов лаңкестің қолынан қаза болады.
Мектеп директоры Айжан Жұмаділова «Ерлік сыныбында» патриоттық шаралар өтіп тұратындығын айтып өтті. Мектепке келген қонақтарға ыстық ықыласын жолдады. ҚР Ұлттық ұлан жеке құрамына қала әкімі Алғыс хат табыстады. 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, подполковник А. Мұқашев Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығын жеткізіп, бірнеше адамға төсбелгі табысталды. Сарбаздың анасына естелік сыйлық берілді.
3- дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, қатардағы Айбат Амановқа арналған салтанатты шарада көркемөнерпаздар тобы және мектеп оқушылары қоян-қолтық ұрысы көрінісін көрсетті. Ал арнайы сыныпта сарбаздың өмірбаяны, жеке суреттері мен қолданған заттары орын алды.