қолөнерші
дереккөз

Майгүл  Ахметбаева  заман талабына сай оқытудың үздік тәсілдерін меңгерген , «Мектептегі мұғалім көшбасшысы» екінші деңгейлі  курсын оқыған мұғалім. Қалалық, облыстық семинарларда коучинг, шебер-сынып сабақтарын өткізіп, өз іс-тәжірибесін ортаға салып, әріптестерімен әрқашанда бөлісіп отырады. Білім саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Талдықорған қаласындағы  №17 орта мектепте  математика пәнінің мұғалімі.

Өз пәнін жоғары дәрежеде меңгерген, жастарға үлгі бола білген Майгүл Жанахметқызы  — ұлттық өнерге жан бітіріп жүрген асыл жанның бірі. Қарапайым ұстаздың қолынан шыққан көрпе-жастықтары ерекше әдемі. Таңдалған  маталары, өз қолымен өрнектеп ойған ою-өрнегі, ішкі салма  материалдары табиғилығымен, ұлттық нақышымен ерекшеленеді. «Әжелеріміз кезінде киіз басып, сырмақ, тұскиіз, көрпе құрағандарын көріп өстік. Маған құрақ құрау өнері анасы Рысалды  Қамшыновадан дарыған. Құрақ сан қилы құрақтан құрастырылатын болғандықтан мен  үшбұрыш, төртбұрышты, мәселен, емлемен санап  қиып аламын. Менің құрақтарымның ерекшілігі- мата қиындылары геометриялық фигуралар үлгісімен құрастырылып тігіледі.

 

 

 

Қолым бос кезде осы іспен айналасамын. Осы жаздың өзінде  ұзатылған  қыздарға арнап 21 көрпе тіктім»,-дейді қолөнерші.

Ұлттық өнерді қызы Марал да меңгеріп алған. Сондай-ақ, көп  ізденуді талап ететін қолөнерді  жас буынға өнеге етуді  мақсат тұтады. Өткен күзде Талдықорғанда  «Қала күні» мерекесіне  орай ұйымдастырылған «Шебер болар ұрпақпыз» атты байқауда немересі Аяна екеуі қатысып, жүлделі  үшінші орынды иеленді.

Ауылдағы туыстардың қыздары тұрмысқа шықса, ұлдары үйленсе  Майгүл Жанахметқызының қолымен тігілген құрақ көрпелері  сол үйдің төрінен орын алары сөзсіз.

Құрақ құрау қолөнердің ерекше бір түрі. Бұрынғы кезден-ақ шеберлер  тілім-тілім маталарды құрап киім, көрпе, тұрмысқа қажетті түрлі дүниелерді жасайтын.  Ертеден тылсым күштерге сенетін қазақтар құрақтан тігілген заттар  оның иесін тіл-көзден сақтап, үйіне бақыт алып келетіндігіне сенген. 

                                                                      

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK