Талдықорған қаласының «Оңтүстік-Батыс» ауданында жаңа саябақ пен сквер салынады

7
Облыс орталығы Талдықорған қаласы жыл санап кең етек жайып, халық саны да артып келеді. Осыған орай, тың жобалар қолға алынып, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.
Әсем қаламыз Талдықорғанда соңғы он жыл көлемінде ірге тасы қаланып, бой түзеп жатқан жаңа шағын аудандар көбеюде. Бүгінде жаңа аудандарға әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, жол инфрақұрылымы, инженерлік желілер ретке келтіріліп, қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары кезең-кезегімен жоспарлы түрде жалғасуда.
Бүгінгі күні еңсесін енді түзеген жаңа ауданның бірі – «Оңтүстік-Батыс» ауданы, мұнда 15 мыңнан аса халық тұрады. Аталмыш ауданда бірнеше шағын аудан тұрғындары үшін демалыс орындары тапшы болып келген болатын. Енді аймаққа ауданы 1,2 гектарды құрайтын заман талабына сай жабдықталған саябақ салынбақ. Бұдан бөлек, «Бірлік» шағын ауданында жаңа сквер салу жұмыстары басталмақ. Демалыс аймағында ойын баласынан бастап, егде жастағы азаматтарымыз үшін де барлық жағдайлар қамтылмақ. Атап айтқанда, балалар ойын алаңы, стрит воркаут кешені, футболға арналған стадион және түрлі кескінде жасалған демалыс орындары қарастырылмақ.
Сонымен қатар, қала халқының басым бөлігі демалатын Орталық және «Жастар» саябақтарының ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
Айта кетейік, бүгінгі күні қаламызда жалпы 5 саябақ пен 40 сквер қала халқы мен қонақтары үшін жұмыс істеп тұр.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз