Облыс орталығы Талдықорған қаласында жалпы ұзындығы 498 шақырымды құрайтын түнгі жарық желілері тартылған. Бүгінде 640 көшенің 420 көшесі жарықтандырылған.
Қаланы толық түнгі жарық шамдарымен қамту жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда, қала орталығынан бөлек, қаланың тысқары аудандары және саяжайлар мен жаңа бой түзеп жатқан шағын аудандарға түнгі жарық шамдар орнату жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы жылы 5 жобаға қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 111,3 шақырымды құрайтын 213 учаскеге жарық диодты шамдар орнатылады. Осылайша қаланың «Хутор», «Батыс», «Шығыс» тұрғын үй аудандарымен қатар, 10 саяжай орталықтандырылған түнгі жарық жүйесіне қосылмақ. Атап айтқанда, Қаратал, Мерекелік, Ключи, Ащыбұлақ, Достық, Алмалы, Агропромышленник, Балықты және Шайқорған саяжайлары.
Естеріңізге салсақ, өткен жылы 3-бөлімшеге 630 жарық шамдары орнатылып, тұрғын үй алабы толықтай жарықтандырылды. Бұдан бөлек, «Оңтүстік-Батыс» тұрғын үй алабындағы Еңбекші және Жетіген көшелеріне түнгі жарық тарту жұмыстары да қараша айында аяқталған еді.
Сонымен қатар, қала әкімі Ернат Бәзілдің тапсырмасына сәйкес қала аумағында түнгі жарыққа қосылмай қалған көшелерді жарықтандыру жұмыстары да кезең-кезегімен жалғасатын болады.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі