Жыл сайын дәстүрлі түрде облыс көлемінде ауылдың үздік мектебі анықталады. Түрлі бағытта жетістікке жеткен білім ордалары өзара бақ сынайды. Өткен оқу жылында Көксу ауданына қарасты Биғайша Құндақбаева атындағы №1 орта мектебі топ жарып, 1 млн теңге ұтып алды.
Естеріңізде болса,2023 жылы Көксу ауданына қарасты білім ордасы үздіктер қатарынан көрінген еді. Бұл жолы да Балпық би ауылының мектебі сол биіктен көрінді. 2013 жылы ашылған шаңырақ он жылдан астам уақыт көлемінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, үкілеп үлкен топқа қосқан. Тәлім алған түлектер бүгінде елге қызмет етіп келеді. Осы күні 1-11 сынып арасында 570 оқушы білім алады. Мектепалды сыныпта 44 оқушы бар. Ал білім сапасы – 62 пайызды көрсетіп отыр.
«Мектепте 79 мұғалім қызмететеді. Оның 77-сінің білімі жоғары, қалғаны орта білімді. Педагог-зерттеуші – 9, педагог-сарапшы – 30, педагог-модератор – 29, педагог –11. «Алтын белгі», үздік аттестат белгісін алған мектеп бітірушілер саны үшеу. ҰБТ нәтижесі – 89 пайыздан асты. Оның жартысынан жуығы грант иегері атанды. Соңғы он жылда мектебіміз көптеген жетістіктерге жетті. Шәкірттеріміз түрлі республикалық байқаулардан жүлделі оралып жүр», дейді мектеп директоры Инна Кан.
Жалпы аталған байқау елді мекендегі білім шаңырақтарының жеткен жетістіктерін саралай отырып, білім беру бағытына серпіліс береді. Оқу-әдістемелік жұмыстарын ескере отырып, оқушылардың шығармашылық қабілетіне де назар салады. Мәселен,республикалық Мағжан оқуларына арналған «Мен жастарға сенемін» олипиадасында 6 сынып оқушысы Милана Григорьева І орынға ие болған.
«Жастардың өнерге құлшынысын оятатын алдымен ұстаздар. Біздің мектептің мұғалімдері шәкірттері үшін жан аямай еңбектеніп келеді. Мен қазақ тілін жетік білемін. Ол алдымен ұстаздарымның арқасы. «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін» деп жырлаған Мағжан атамдай елдің үмітін ақтауға тырысамын», дейді М.Григорьева.
Айта кетейік, аталған білім ордасы Астана қаласында өткенОқу-ағарту министрлігінің «Ауылмектеп – сапааланы» жобасыаясында«Тиімді ауыл мектебі» атанған. Одан бөлек мектеп директоры Инна Кан «Іскер менеджер» номинациясымен марапатталған.