Биыл Жетісу облысында 122 әлеуметтік нысан салу жоспарланған

6

Биыл Жетісу облысында 122 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған, оның 105-і осы жылы пайдалануға беріледі.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 100 денсаулық сақтау нысаны, 10 мәдениет нысаны, 8 білім беру нысаны, 3 спорт нысаны және 1 оңалту орталығы салынады, солардың 105-і биыл іске қосылады деп жоспарланған.

«Биыл Алакөл және Панфилов аудандарында 900 орынды 2 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.  Алакөл ауданы Лепсі ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді. Сондай-ақ жаңа мәдениет үйлері Ақсу ауданының Матай, Арасан, Есболатов ауылдарында және Көксу ауданының Жарлыөзек ауылында іске қосылады, соның 2-уі спорт залдарымен біріктірілген нысандар болмақ. Денсаулық сақтау саласында 39 фельдшерлік-акушерлік және 20 медициналық пункт, сондай-ақ 4 жедел жәрдем станциясы және ҚАЖК-нің 1 медициналық қызметі нысаны салынады», — делінген облыстық құрылыс басқармасының хабарламасында.

Жалпы биыл Жетісу облысында әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, инженерлік-коммуникациялық желілер, өрт сөндіру депосы және ауыл шаруашылығы объектілері, жалпы алғанда түрлі саладағы 298 нысанның құрылысы жоспарланған.

Жетісу облысы құрылғаннан бері жөндеу мен жаңа құрылыс жүргізудің арқасында объектілерді жаңарту 50%-ға жетті. Соның ішінде өткен жылы өңірде 171 нысан салынып, пайдалануға берілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз