Бейбіт Исабаев соғыс ардагерін 101 жасқа толуымен құттықтады

14

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ұлы Отан соғысының ардагері, ардагер-педагог, талдықорғандық Ысқақ Құсайыновты 101 жасқа толуымен құттықтады. Ақсақал Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өзінің ғасырдан асқан белесін өткеруде. Айта кетейік, бүінде облыста Ұлы Отан соғысының көзі тірі үш ардагері тұрады.

Бейбіт Исабаев дәстүр бойынша ардагердің иығына шапан жауып, өзінің құттықтау хатын табыс етті. Ардагерге тілегін білдіріп:

— Облыста қан майданда алғы шепте борлған үш майдангер ақсақалымыз бар. Солардың ішінде үлкені Ысқақ ата үшеуінің алды болып 101-ге келіп отыр. Ысқақ ата, келген жасыңыз құтты болсын. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Осы мерейтойда қатардан қалмай, орден-медальдарыңызды тағып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, сапта тұрасыз деп сенеміз, — деді өңір басшысы.

Мұнан соң ақсақалға Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық ұйымының төрағасы Мұхтар Алтынбаевтың құттықтау хатын Жетісу облысындағы осы ұйымның төрағасы Рахым Қырқабақов тапсырды. Майдангер қарияға көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірген ардагердің қызы Гүлсімхан Мырзаханова:

— Әкем бір үйдегі он алты баладан жалғыз өзі тірі қалып, он бес жасынан еңбекке араласқан. Әкесінен жастай жетім қалған соң анасына қолғабыс етіп жұмыс істеген. Соғыстың да қиындығын көрді. Мұғалім болды. Кейін 95 жасына дейін де алма ағаштарын баптады, бақша екті, немерелеріне деп жеміс-жидек өсіріп беріп отыратын. Сол еңбегінің, сергектігінің арқасы шығар, бүгін, міне, жүз бір жасқа келіп отыр. Осы жасында сыйлап, үлкен құрмет көрсетіп жатқандарыңызға көп рахмет. Әкемнің көрген бейнетін бермей, зейнетін берсін бәріңізге. Сіздер де бала-шағаларыңыздың қызығын көріп, елге қызмет ете беріңіздер, — деді ол.

Өз кезегінде елімізге бейбітшілік тілеп, батасын берген Ысқақ ақсақал:

  • Ескі заман келмеске кетті, жаңа заман туды. Жаңа дәуірде еңбектерің жемісті, істерің сәтті болсын! Денсаулықтарың зор болсын, ұрпақтарымыз өсіп-өніп, арман-мақсаттарына жетсін, — деді.

Ысқақ Құсайынов Алакөл ауданының Көлбай ауылында 1924 жылы дүниеге келген. Он сегіз жасында өз еркімен соғысқа аттанды. 1942 жылы Украина майданында атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Ал 1943-1945 жылдары Тынық мұхитындағы Амур әскери-теңіз флотының «Зенит» дивизиясында болып, жауға қарсы шайқаста ауыр жарақаттанды. Ерлік істері үшін оған «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағы берілді. Мұнан соң Совет-Жапон соғысына қатысты. Лепсідегі педагогикалық училищеге оқуға түсіп, оны аяқтаған соң кейінгі 40 жыл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады.

Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Жуков медалімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен және басқа да марапаттармен наградталды.

Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, мектеп пәндерінің бірқатар әдістемелік оқу құралдарының авторы.

Оның қызы мен немересі ардагердің жолын жалғап, білім беру саласында қызмет етуде. Бүгінде ардагердің 9 немересі, 31 шөбересі, 5 шөпшегі бар.

Атап өтсек, 2023 жылы Ысқақ Құсайыновқа облыс орталығының жаңа шағын ауданынан бір бөлмелі пәтердің кілті берілген болатын.

Жалпы 2025 жылы Жетісу облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілгендерге – жалпы саны 3 218 адамға біржолғы әлеуметтік көмек төлеуге 393,8 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 3 ардагердің әрқайсысына 2 млн. теңгеден 6 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ жылына бір рет ҰОС ардагерлері санаторий-курорттық тегін еммен қамтылады, оған қоса ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық шығындарға жұмсалатын шығындар өтеледі.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз