Облыс орталығы Талдықорған қаласын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда қала бойынша 10 қазандық жұмыс істейді, оның ішінде қаланың 90%-ын жылумен қамтамасыз етіп отырған ең ірі «Басқуат» қазандығы сондай-ақ, 5 кварталдық қазандық және 4 шағын қуатты қазандық бар. 2020 жылдан бері қазандықтарды қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде қазандықтардың бесеуі табиғи газға қосылған.
Қала тұрғындары үшін маңызды жобаның бірі ол «Оңтүстік-Батыс» тұрғын ауданында жаңа кварталдық қазандықтың құрылысы басталып, ағымдағы жылдың жылыту маусымы яғни қазан айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Жалпы 2 гектардан аса жерге салынып жатқан жаңа тоқсандық қазандықтың қуаттылығы 54,37 МВт құрамақ. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, жұмыстары жүргізілуде. Онда 30-ға жуық қала тұрғыны еңбек етуде.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы қалада тағы бір жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, қала іргесіндегі Алимжанов көшесіндегі №9 шағын қазандығын газға ауыстыруға қаражат бөлінді. Бұл жоба қала тұрғындарының жылумен қамтамасыз ету сапасын арттыруға, экологиялық таза табиғи газды пайдалану арқылы энергия тиімділігін жоғарылатуға бағытталған.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі