Талдықорған қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы орталық стадионды қайта жаңарту, волейболға арналған оқу-жаттығу спорт кешенін салу, сондай-ақ, «Жетісу» волейбол клубы үшін 4 қабатты жатақхана мен үстел теннисі орталығы ашылды.
Биылғы жылы әсем әрі күрделі спорт түрлерінің бірі саналатын көркем және спорттық гимнастикаға арналған модульдік спорт кешені салынып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл кешенде бір мезетте 200 спортшы жаттығу жасай алады, осылайша Жетісу өңірінің әр ауданынан келетін спортшыларға жаттығу мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар, көпсалалы спорттық кешеннің құрылысы да жоспарлануда. Онда еркін күрес, бокс, баскетбол мен волейбол секілді спорт түрлеріне арналған заманауи залдар болмақ.
Талдықорғанның спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бұл қадамдар қала тұрғындары мен өңір спортшылары үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Айта кетейік, өткен жылы қала спортшылары түрлі спорттық додаларда 730 медаль жеңіп алды, оның ішінде 312 алтын медаль. Бұл көрсеткіш қалада спорт саласының дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі