Қазіргі уақытта елімізде ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркелуде. Бүгінгі таңда вирустардың ең көп таралған түрлері — риновирус-36%, РС-вирус (респираторлық синцитиальды) -23%, аденовирус-12%, коронавирус — 11%, тұмау және парагрипп — 9%, метапневмовирус-1,6%. Айта кетейік, Жетісу облысында метапневмовирус тіркелген жоқ.
Облыстағы барлық емханаларда күнделікті қабылдау сүзгілері жұмыс істейді. Көрсеткіштер бойынша 1 жасқа дейінгі балалар стационарларға жеткізіледі. Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда емханада бір жастан асқан балаларды педиатр дәрігер қабылдап, қажет болған жағдайда тиісті емдеуді тағайындайды. Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова «Вирустар негізінен ауа тамшылары арқылы берілетінін барлығы біледі. Осыған байланысты халықты алдын алу шараларын сақтауға ( қолды мұқият жууға, антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдануға, бөлмені желдетуге, бетперде киюге) және адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болуға, ауру белгілері пайда болған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге шақырамыз»-деді.