ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «Digital agent» мобилдік қосымшасы әзірленді. Мамандардың айтуынша, «Avtomato» ЖШС дайындаған бұл қосымша мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты шағымдарға тез арада жауап қайтаруға мол мүмкіндік береді. Аталған қосымша туралы «Жетісу адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде өткен басқосуда аймақтық департаметтің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы  Жеңіс Андабеков  жан-жақты түсіндірді.

Талдықорғандағы бірқатар саланың жетекшілері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан басқосуда сөз алған ол: «Бұл қосымшаның артықшылығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, мемлекеттік қызмет алушыға халыққа қызмет көрсету орталықтарында және салықтық төлемдермен кедендік құжаттарды рәсімдеуге, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан көрсетілген қызмет түрлерін  бағалауға қолайлы. Соның ішінде сыпайылық, кәсіби этика, әкімшілік кедергілер   тағы басқалар қамтылған. Қосымшаны қолдану үшін App Store, Play Market арқылы қосымшаын жүктеп алуы қажет» – деді.

Еске сала кетейік,  аталмыш қосымшаны орнатқанан кейін тіркеліп, өзіңіз бағалағыңыз келетін қала мен ұйымды таңдау керек. Қандай да бір мәселелер бойынша сұрақтар мен өтініштер түскен жағдайда қызмет көрсетушіге кемшілікті жоюға 5 минут уақыт беріледі. Егер осы уақыт ішінде кемшілік жойылмаған жағдайда агенттіктің аумақтық бөлімшесі мәселені шешуге өзі кіріседі. Нақтырақ айтқанда, әрбір азамат мемлекеттік қызмет алуда түрлі кедергіге ұшыраса агенттіктің қолдауына сүйеніп өз мәселесін шешуге болады. Бүгінгі күнге дейін Жетісу өңіріндегі ауыл, аудан, қалалардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Digital agent» мобилдік қосымшасын түсіндіру бойынша 43 іс-шара өткізіліп, оны насихаттайтын 47 билборд орнатылған. Соның нәтижесінде, бұл қосымша арқылы аймақ тұрғындарынан  873 өтініш түсіп, департамент тарапынан дер кезінде оң шешімін тапқан.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK