Талдықорғанда 25 көпбалалы отбасы баспаналы болды

33

 Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығы Талдықорған қаласындағы «Береке» коттедж қалашығында тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 25 көпбалалы отбасыға баспана кілті табыс етілді. Бұл туралы  Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Осынау қуаныштарымен құттықтау үшін қала әкімі Ернат Бәзіл арнайы келіп, баспаналы болып жатқан тұрғындарға ақжарма тілегін білдіріп, баспана кілттерін табыс етіп, жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Бүгінде Талдықорған қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған халықты жайлы баспанамен қамту жұмысы қарқынды түрде жүзеге асуда. Оған дәлелі, жыл басынан бері 1283 баспана берілді. Тұрғындарға берілген баспананың басым бөлігі жалдамалы және несиелік тұрғын үйлер. Ал 2025 жылы тағы 1448 отбасыға тұрғын үй беріледі деп жоспарлануда.

«Бұл жаңа жыл қарсаңында отбасыма үлкен тосын сый болды. 10 жылдан астам уақыт үй кезегінде тұрып, осы сәтті ұзақ күттім. Өте қуаныштымын! Осылай халықтың жағдайын жасап, аса мән беріп жатқан азаматтарға, қала әкімдігіне алғысым шексіз. Жаңа жылмен барша қазақ елін құттықтаймын», — деді 7 баланың анасы Гүлнұр Нұрымбетова.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында аталмыш «Береке» коттедж қалашығынан 72 баспана беріледі. Ал келер жылдың соңына дейін тағы 107 коттедждің құрылысы толық аяқталады деп күтілуде.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз