Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында былтырғы жылы өткен маңызды оқиғаларды саралап, еліміздің дамуына, оның ішінде әр сала бойынша атқарылған істерге тоқталып, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
Мемлекет басшысы былтырғы жылғы өзекті оқиғалардың қатарында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, экономикалық реформалар, әлеуметтік саланы дамытудағы шаралар, су тасқыны, төтенше жағдайлар, ұшақ апаты туралы да жеке-жеке айтып өтті. Қазақстанның әлемнің көптеген мемлекеті үшін стратегиялық маңызға ие екеніне басымдық беріп, «Менің басты мақсатым-мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу. Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді»,- деді. Әрине бұл жолдарды тебірене оқымау мүмкін емес. «Таза Қазақстан» акциясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін қайталап айтуы, қоғамға экологиялық мәдениетті өркендетуге жауапкершілігін күшейте түсері сөзсіз. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Үкіметтің жұмысына баға беріп, жоғары талаптар қоятынын ескертті. «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін сақтауда әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажеттігіне мән берді. Мемлекетіміздің тарапынан ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізе беретініне тоқталды. Құқық қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстарының жалғасатынын айтты. Зорлық-зомбылық, есірткі саудасы, лудомания, бұзақылық және вандализмге жол берілмейтінін, оған заңмен тыйым салынғанына тоқталды. Президент Конституцияға енгізілген өзгерістің бәрі-Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және, ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы-осының барлығы саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік беретінін атап өтті. Алдағы жылдары іске асырылатын жоба-жоспарлардың барлығы халық игілігі үшін екеніне, инвестициялық мүмкіндіктер, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік саланы жетілдіруге барынша көңіл бөлінетіні туралы айтты. Инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға айрықша назар аударылатынын жеткізді. Қазақстан үшін ядролық энергетиканы дамыту аса маңызды екенін тілге тиек етті. Әлемдік ахауалға да шолу жасап, еліміз түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалысатынын атап өтті. «Еліміздің тағдыры-жастардың қолында»,- деген Мемлекет басшысы, отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз» деді. «Осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтері, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек» деген сөзі әр адамның көкейінде жүрген сауалына жауап деп ойлаймын. Қазақстан деген брендті әлемге таныту да аса маңызды миссяның бірі ретінде айтылды. Сұхбат соңында Президент мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала беретініне тоқталып,қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткісі келетінін білдірді. Бұл әрине,осы салада қызмет атқарып жүрген журналистердің мәртебесін биіктете түскендей. Еліміздің аспаны ашық, іргесі берік болсын!
Гүлжанат Нұршанова,
«Талдықорған» газетінің бас редакторы.