Талдықорғандық Әйгерім Еркінбекова «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының екінші легінің түлегі. «Бұл жобаға өз кәсібімді ашуға қажетті білім мен дағдыларды игеру үшін келдім. Жобаға дейін де аздап аспаз ісіне қызығушылығым болды. Сондықтан да елімізде қолға алынған «Табысты отбасы» жобасының оқыту аясындағы «Кондитерлік ісі» бейіндік бағытын таңдадым»,- дейді кәсіпкер.
Бір айлық тегін қарқынды оқыту өз жемісін берді. «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының сертификаты мен грантын иеленіп, ол өзінің шағын бизнесін сәтті бастауға мүмкіндік алды. Жоба бойынша алған барлық білімі мен дағдыларын іс жүзінде пайдалана отырып, Әйгерім қаладағы ірі фаст-фуд желісімен және бірнеше азық-түлік дүкендерімен келісімшартқа отырып жұмысын бастап кетті. Пісірген өнімдері күнделікті сұранысқа ие. жеткізеді. Қазіргі уақытта Әйгерімнің айлық табысы 400 мың теңге шамасында. Түлек өзінің кондитерлік шағын цехын ашуды жоспарлап отыр.
Еске салайық, «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасы республиканың бес өңірінде: Жетісу, Ұлытау, Абай, сондай-ақ Түркістан және Ақтөбе облыстарында басталған болатын. Жобаға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы Samruk-Kazyna Trust қоры қаржылай қолдау көрсеткені белгілі. Жобаның мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларын қандай да бір себептермен пайдалана алмаған әлеуметтік осал санаттағы жастар мен отбасыларды қолдау.
Бес өңірге барлығы 300 грант бөлініп, оған «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 200 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. «Табысты отбасы» жобасына көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелері, толық емес отбасылар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың жастары қатысты. Қатысушылар өз кәсіптерін ашып, жұмыс жасауда. Әр өңірдегі шағын кәсіпкерлік осылайша дами түсуде.