Сенбіде Талдықорғанда Жетісу облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Өңірдің 2 қала, 8 ауданынан келген шарулар қолжетімді бағамен тұрғындарға сапалы өнім ұсынды.
Ет-сүт, шұжық, балық, қант, ұн, жарма, өсімдік майы, көкөніс, жеміс-жидек, бал, ұлттық сусындар сынды өнімнің 18 түрі ұсынылған жәрмеңкеде сатушы мен алушы арасында сауда қыза түсті. Ауқымды шараға арнайы келген Жетісу облысы әкімнің орынбасары Марлен Көлбаев, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев, Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл сауда-саттық барысын бақылап, жәрмеңкені аралап шықты.
– Жәрмеңкенің өтетіні жайлы әлеуметтік желіден білдік. Ұйымдастырушыларға ризамыз. Тауарлар нарықтан әлде қайда төмен, қолжетімді, табиғи әрі сапалы. Керектінің бәрі бар. Осылай жиі өтіп тұрса деген тілегіміз бар, – деді қала тұрғыны.
Жәрмеңкеде 90 тонна ауыл шаруашылығы өнімі сөреден көрініс тапты. Мысалы, жылқының етінің әр келісі – 2700, сиыр – 2400, қой еті – 2200 теңгеден сатылды. Пияздың келісі – 100, сәбіз – 125-150, картоп – 135-180, қырыққабат – 140, алма 200- 700, қант – 425, күріш –380 теңгеден саудаланды. 5 литірлік күнбағыс майы – 2500-3500 теңге аралығында ұсынылды.
Мәулен Әнербай