2024 жылы Энергетика министрлігінің «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 14 жобаны іске асыру үшін 58,3 млрд теңге бөлінді.
Оның ішінде жылумен қамтамасыз ету бойынша алты жоба, электрмен жабдықтау бойынша сегіз жоба бар. Жобалардың бірі қазірдің өзінде іжұмыс істеп тұр, атап айтсақ, Орал қаласының «Ақжайық» ЕТЖҚ ауданында 110/10 кВ қосалқы станса пайдалануға берілді.
Сонымен қатар қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар үшін негізгі жабдықты жаңғырту, кеңейту және реконструкциялау жөніндегі жобалар пулын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 22 инвестициялық келісім бар, оның ішінде лимит ұлғайғаннан кейін жалпы қуаты 1,36 ГВт болатын 13 келісім жасалды.
2023 жылғы қарашада «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы сәтті іске асырылды, оның шеңберінде «Батыс Қазақстан энергия торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша ұзындығы 780 км болатын 220 кВ электр беру желісі (ЭБЖ) салынды. Бұл қадам электр қуатының өткізу мүмкіндігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған.
Келесі қадам ретінде 2028 жылдың соңына дейін Батыс аймақтың электр желілерін Бірыңғай электр энергетикалық жүйемен біріктіру жобасы іске асырылатын болады, ол үшін Ақтөбе және Атырау облыстарын жалғайтын ұзындығы 604 км болатын 500 кВ ЭБЖ салынады. Бұл Солтүстік және Оңтүстік аймақтардың электр энергиясы мен қуатының теңгерімсіздігін өтеу үшін Батыс аймақтың маневрлі газ энергия көздерін пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2025 жылы кіріседі.
Оңтүстік өңірлердің тұтынушыларын энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерінің жұмыс режимдерімен байланысты апаттық бұзушылықтардың туындау тәуекелдерін азайту Оңтүстік аймақтың (Шу–Жамбыл–Шымкент) электр желілерін күшейтуді талап етеді. Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ аталған жобаны іске асыруды бастады, оның 1-кезеңі 2027 жылы аяқталады, оның шеңберінде Шу–Жамбыл–Шымкент бағыты бойынша ұзындығы 475 км 500 кВ ӘЖ салынады. Қазіргі уақытта ЖСҚ әзірлеу жүріп жатыр.
Еліміздің солтүстік және оңтүстік өңірлері арасындағы байланысты одан әрі күшейту, сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыру үшін кернеуі +/-500 кВ «Солтүстік-Оңтүстік» тұрақты ток желілерін салу жоспарлануда.
Қазақстанның бүкіл Біртұтас электр энергетикалық жүйесін айналып өтуге мүмкіндік беретін еліміздің батыс және оңтүстік аймағын жалғайтын тұрақты ток желісін салудың орындылығын зерделеу жүргізілуде.
Бұл жобаларды іске асыру тұрақты әрі сенімді электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
@KZgovernment