Жетісу облысында әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жаңарту 50 пайызға жетті

6

Жетісу облысы құрылғаннан бері жөндеу мен жаңа құрылыс жүргізудің арқасында әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жаңарту 50% жетті. Құрылыс жұмыстары биыл да жалғасты. Жаңа заманауи нысандар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау салаларында қолданысқа берілді, — деп хабарлайды Жетісу облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, білім беру саласында биыл облыста 1055 орынды 13 балабақша және оған қосымша 1461 орын ашу жоспарланған. Соның ішінде жыл басынан бері 914 орынды 12 балабақша, 150 орынды 5 шағын орталық және қосымша 594 орын ашылды. Облыста 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 94,4%, ал 3-6 жас аралығындағыларды қамту 98,8% құрады.

Панфилов ауданының Жаркент қаласында 1200 орынды алғашқы жайлы мектеп, сондай-ақ Көксу ауданының Қаратал ауылында 120 орынды мектеп пайдалануға берілді. Бұдан басқа, Көксу ауданы Балпық би ауылындағы бұрынғы спорт мектебінің ғимаратын балабақша ретінде қайта жаңарту мен 4 мектепте күрделі жөндеу аяқталды.

Осы жылы өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымы да айтарлықтай жақсарды.

Атап айтқанда, биыл салада 16 нысанның құрылысы мен күрделі жөндеуі жүргізілуде, бұл ретте Панфилов ауданы Шежін ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарындағы 3 нысанның күрделі жөндеуі аяқталды. Жыл соңына дейін Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында 250 адам қабылдайтын емхана іске қосылады және Қаратал ауданының орталық ауруханасының «А» блогы күрделі жөндеуден өткізіліп бітеді деп жоспарлануда.

Алакөл ауданы Бибақан, Қоңыр, Арқарлы ауылдарында, Ескелді ауданының Екпінді, Жаңалық ауылдарында, Кербұлақ ауданының Онжас, Көксай, Қазансу, Тастыбастау, Қарлығаш, Рудник-Арқарлы ауылдарында, Жоламан станциясында, Сарқан ауданы Черкаск, Абай, Аманбөктер ауылдарында, Көксу ауданының ПЧ-45 елді мекенінде, Текелі қаласында жалпы саны 17 блокты-модульді медициналық кешен орнатылды.

Бұдан басқа «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 59 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 15-і дәрігерлік амбулатория, 39-ы фельдшерлік-акушерлік және 5-і медициналық пункт, олардың 33-і жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.

Спорт саласы бойынша Текелі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Сарқан ауданының Алмалы ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталды, Талдықорған қаласында Орталық стадион қайта жаңартылды. Сондай-ақ Қаратал ауданының Көпбірлік, Тастөбе, Ескелді би ауылдарында, Кербұлақ ауданының Қызылжар ауылында 3 блокты-модульді кешендер орнатылды.

Сонымен қатар Талдықорғанда Қазақстанда баламасы жоқ «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған волейбол орталығы, сондай-ақ инвестор есебінен спортшыларға арнап салынған төрт қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оған қоса жақында инвестордың қаржысына облыстағы алғашқы үстел теннисі орталығы ашылды.

Жалпы халықтың 1 мың адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі – 64,0%, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі облыс халқының жалпы санының 42%-ын құрайды.

Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, биыл өңірде Ақсу ауданы Есеболатов, Матай, Арасан ауылдарында, Ескелді ауданының Қаратал ауылында, Көксу ауданының Жарлыөзек ауылында 5 мәдениет нысаны салынуда, соның ішінде Ескелді ауданының Қаратал ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталды, қалған нысандардың құрылысы 2025 жылы жалғасады.

Сондай-ақ Ескелді ауданы Қоңыр, Жалғызағаш ауылдарында, Қаратал ауданының Ескелді би ауылында 3 блокты-модульді мәдениет объектісі орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 5 БМК орнатылады. Ақсу ауданының Көшкентал ауылында, Кербұлақ ауданының Қоғалы, Қарашоқы ауылдарында 3 ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тағы 5 нысанды күрделі жөндеу жалғасуда.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз