Табыстың артуы үшін біздің жер қойнауын бірінші кезекте мемлекеттік компаниялар зерттеуі керек

19

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геологиялық саланы дамыту мәселесі қаралды. Қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов және Ұлттық геологиялық қызметтің басшысы Ерлан Ғалиев баяндады.

Президенттің 2026 жылдан бастап геологиялық зерттеу алаңын 1,5 млн-нан 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет инвестициялық ахуалды жақсарту, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру және деректерді өңдеу үшін ЖИ технологияларын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Қазірдің өзінде жер қойнауының зерттелген аумағы 2 млн шаршы шақырымға жеткізілді. Шет елдердің геологиялық қызметтерімен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Шығыс Қазақстанда минералдық ресурстардың перспективалы кен орындарын бірлесіп іздеу жүргізілуде. Алынған ақпарат Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына жүктеледі. Барлығы minerals.e-qazyna.kz 66 мыңнан астам геологиялық есептер орналастырылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бүгінгі таңда 2,5 млн дерек цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жұмыс жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы күшейтілетін болады. Келесі жылдың соңына дейін тағы 1,5 млн деректі цифрландыру жоспарлануда. Бүкіл процесті 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау күтілуде.

Көмірсутек шикізаты саласында Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігі енгізілді. Ол бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және күрделі кен орындарына инвестициялар тарту үшін жағдай жасауға бағытталған. Бүгінгі таңда жерде сирек кездесетін металдарға сұраныс жоғары болып отыр. Бұл орайда 12 учаскеде мемлекет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Әсіресе литийге деген сұраныс ерекше. Оны іздестіру жұмыстары Баянкөл өңірінің, Арал–Каспий аумағының маңында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл шамамен 1 млн шаршы шақырым аумақта пайдалы қатты қазбаларды барлау алаңдары ашылды. Бұл Riotinto, Fortescue, Arras Minerals сияқты және басқа да ірі халықаралық компанияларды тартуға мүмкіндік берді.

Бірақ соған қарамастан бізде кен өндіру деңгейі кеміп барады. Себебі, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек қорын іздестіру жұмыстарының қарқыны төмен.

Премьер-министр аталған бағыттағы жұмыстарға тың тәсілдер қажет екенін атап өтті. Қолда бар минералды-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалану және жаңа кен орындарын игеру жөніндегі мемлекеттік саясаттың нақты іске асырылуын әзірлеу және қамтамасыз ету қажет. Бүгінгі таңда өндірілген қазбалардың сарқылуы және жоғары қоспалардың болуы байқалады, бұл айтарлықтай қаражат тартуды және өндіру мен тазартудың жаңа технологияларын әзірлеуді талап етеді. Ол үшін инвестицияларды тарту үшін нақты шаралар мен жеңілдіктер әзірлеу қажет.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Ұлттық геологиялық қызмет тиісті қолдау мен өкілеттіктерді, сондай-ақ ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды алуға тиіс. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысты үйлестірудің маңызы көрсетілген.

Сондай-ақ заманауи технологияларды, оның ішінде жерүсті зерттеулеріне қажетті шығындарды азайтатын аэрогеофизикалық түсірілімді пайдалануға назар аударылды. Осыған байланысты, 30 немесе одан да көп жыл бұрын алынған және қағаз форматында немесе пленкаларда сақталған геологиялық ақпаратты цифрландыру қажет. Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдары үшін сертификатталған зертханалық растама қажет болады.

«Үкімет геологиялық барлауды қолдауға, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасауға, ынталандырудың жаңа тетіктерін әзірлеуге және заңнаманы одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударады. Біз, ең алдымен, жер асты ұлттық байлығымызды мемлекеттік компанияларға тапсыруымыз керек, барлау жүргізіп, оны дамытып, игеріп, содан кейін инвесторларды тартуымыз қажет. Сонда ғана оның құны өседі және мемлекет пайда көреді. Осы тетікті кеңінен қолдануымыз керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 Саладағы мәселелерді қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырмалар берді:

  • Геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін, оның ішінде «терең» қабаттар күрделі кен орындарын игеру кезінде преференциялар беру жолымен нақты тетіктер мен қажетті заңнамалық түзетулер әзірлеу (өнеркәсіп және құрылыс, энергетика министрліктеріне).
  • Халықаралық стандарттарға жауап беретін тау жыныстарын талдамалық зерттеу жөніндегі мамандандырылған аккредиттелген зертхана құру (өнеркәсіп және құрылыс, сауда және интеграция министрліктері мен «Самұрық-Қазына» қоры).
  • Ұлттық геологиялық қызмет базасында ғылыми экологиялық-геологиялық кластер құру бойынша жұмыс жүргізу. Бастапқы кезеңде «Тау-Кен Самұрық» компаниясының қолда бар технологиялық мүмкіндіктерін пайдалану керек. (өнеркәсіп және құрылыс, энергетика министрліктері «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп).
  • Жыл соңына дейін бірінші кезектегі маңызы бар алаңдарда аэрогеофизикалық түсірілімді қаржыландырудың және жүргізудің пәрменді тетігін әзірлеу (өнеркәсіп және құрылыс министрлігі энергетика, цифрлық даму және қаржы министрліктерімен бірлесіп).
  • Тарихи деректерді цифрландыруды жандандыру және оның сақталуы бойынша тиісті жұмысты қамтамасыз ету (өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қаржы, цифрлық даму министрліктерімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп).

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз