Талдықорғанда Мемлекет басшысының атынан ауызашар берілді

711

Талдықорған қаласында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан ауызашар берілді. Ауызашарға ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық ұйымдарының өкілдері, ауыл шаруашылығының, коммуналдық саланың қарапайым еңбек адамдары, еріктілер,  жастар ұйымдарының өкілдері, зиялы қауым және басқа да салалардан жалпы саны 300 адам қатысты.

Жиналған жамағатты Рамазан айымен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев оразаның жанды да, тәнді де сауықтыруға, тазару мен жаңғыруға бастайтын қасиеттерін тілге тиек етті. Былтырдан бері Президенттің атынан еліміздің әр аймағында ауызашар берудің жарасымды дәстүрге айналғанын, сол үрдіс биыл да жалғастырылып отырғанын атап өтті. Мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан маңызды шақта береке-бірліктің, жел сөзге әуес мінезден арылудың, жалпы сананы жаңғыртудың маңызы зор екеніне тоқталды.

— Адамның рухани кемтарлығының жанында физикалық кемістігі немесе шалақұрсақ аш жүргені үлкен кемшілік емес. Ең басты кемістік – ақыл-ойдың таяздығы, парасат-пайымның төмендігі, рухани кембағалдық, иман-сауаптан жұрдай болу. Әділетті мемлекет қалыптастыру үшін ең алдымен білімді, сауатты, саналы, көзі ашық қоғам құрып, азаматтардың белсенділігі мен әлеуметтік мәдениетін арттыруымыз керек. Оң-солын таныған, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыра білетін адам, соның ішінде көзі ашық, көкірегі ояу жастар – қоғамның басты қозғаушы күші. Имандылық, сауап, ізгілік адамның шен-шекпенімен, қызмет дәрежесімен өлшенбейді, адал еңбегімен, таза ниетімен, игілікті ісімен өлшенеді. Бүгін, міне, ортамызда қарапайым еңбек адамдары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері отыр. Сіздерге ұстаған оразаларыңыз, ниет-тілектеріңіз қабыл болсын деймін. Рухымыз күшейіп, иманымыз беки түссін. Әрдайым еліміз тыныш болып, мемлекетіміздің мәртебесі арта берсін. Отбасыларыңызға амандық, істеріңізге береке тілеймін, — деді Б. Исабаев.

Сол сияқты облыстық ардагер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт көпшілікке игі ниетін жеткізіп, тілек білдірді.

Осы күні дастархан басында Құран оқылып, дұға жасалды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз