Елімізде кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіледі

144

Мәжіліс отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ата-ананың қарауынсыз, тұрмыстық қиын жағдайда қалған балаларды қабылдаушы отбасы институтын заңға енгізу мәселесін түсіндіріп берді.

Мәжіліс отырысының бірінші оқылымында депутаттар білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Оқу-ағарту министрлігі бастамашы болған түзетулер кәсіби қабылдаушы отбасы тұжырымдамасын заңнамалық тұрғыдан бекітеді. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасына орналастырудың балама нысанын белгілеу арқылы жетілдіруге бағытталған құқықтық нормалар қарастырылады. Баламалы нысан төрт санатқа қатысты болады: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, панасыз және көшедегі балалар, сондай-ақ олардың отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандары.

Министр Ғани Бейсембаев заң жобасында кәсіби қабылдаушы тәрбиешілерге қойылатын талаптар белгіленеді деп айтты.

“Олар балаларға қолайлы жағдай жасай алатын, тұрғын үйі бар 30 бен 53 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек. Кәсіби қабылдаушы отбасы мәртебесін алуға ниетті отбасылар қорғаншылық және қамқоршылық органдарында психологиялық дайындықтан және аккредиттеуден өтуге тиіс. Олар алты айдан аспайтын уақыт ішінде бір мезгілде 4 балаға дейін қабылдай алады. Бұл ретте отбасылар қорғаншы немесе қамқоршы органмен жасалған шарт негізінде балаларды кез келген уақытта таңдау құқығынсыз қабылдауға міндетті”, – делінген заң жобасында.

Тәрбиешілердің қызметіне ай сайын 70 АЕК көлемінде ақы төленетін болады. Сонымен қатар мемлекет әр баланы асырауға 10 АЕК бөледі. Кәсіби қабылдаушы тәрбиешілер тоқсан сайын қорғаншылық және қамқоршылық органдарына балалардың денсаулық жағдайы, тәрбиелеу барысы, балаларды күтіп-бағуға бөлінген қаражаттың жұмсалуы, сондай-ақ олардың мүлкін басқару туралы есеп беруге міндетті болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз