Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай өткен салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, жүзеге асырылып жатқан жан-жақты реформаларды талқылады. Сондай-ақ, елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады.
Өз сөзінде Президент «Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ»-деп биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын атап айтты. Әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген бағдар әрқашан дамуға жол ашары сөзсіз. Еліміз алдағы уақытта да бейбітшілік, тұрақтылық, бірлік ұранын берік ұстана бергей.
Салтанат Жанаберлиева, Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің директоры