Меритократия — мемлекеттік қызметке қабылдау мен ілгерілеудің нақты қағидаты

78

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздегі мемлекеттік аппараттың жоғары кәсіби жұмысының маңыздылығын бірнеше мәрте атап өтіп, мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу рәсімдерін жеңілдету, бюрократияға жол бермеу, меритократия қағидатын ілгерілетуге қатысты жаңа міндеттер қойды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығына сәйкес, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында»  мемлекеттік қызметті дамыту қағидатының бірі – меритократия, яғни мемлекеттік қызметке іріктеу және қызметі бойынша ілгерілету сіңірген еңбегіне, құзыретіне және кәсіби дағдыларына негізделеді деп көрсетілген.

Бүгінгі күні еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі меритократия қағидатына негізделген мемлекеттік қызметтің өзіндік үлгісі қалыптастыра алды.

Үміткерлер мемлекеттік қызметтегі өзінің кәсіби қызметін төменгі лауазымнан бастайды, ал олардың одан әрі ілгерілеуі тиісті саладағы еңбегі мен жұмыс тәжірибесін ескере отырып, конкурстық және құзыреттері негізінде жүзеге асырылады. Лайықты кадрларды іріктеу және мемлекеттік қызметшілердің жеке жетістіктері негізінде оларды әрі қарай кәсіби және мансаптық ілгерілету ішкі конкурстар және ауысу тәртібімен жүзеге асырылады. Негізі талап: мемлекеттік қызметшінің құзыреттілігі мен кәсіби дайындығының болуы.

Меритократия қағидатының іс жүзінде іске асырылуы мемлекеттік аппаратқа деген сенімділікті нығайтып, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметшілердің жай-күйі туралы есептілігінің нәтижесіне сәйкес, меритократия қағидаты бойынша оларды тағайындаудың объективтілігіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.

Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдарында 2024 жылдың         9 айы бойынша меритократия қағидатының сақталу деңгейі 73,3% құрайды. Яғни, ағымдағы жылы 90 лауазымға ішкі конкурс өтіп, 66 азамат ілгерілету арқылы жоғары лауазымдарға тағайындалды.

Бұл қағидат мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету қағидатына негізделіп, ашықтық, жариялылық және әділдік принциптерімен ұштастырылған.

Бәсекеге қабілетті ел — барлық салада бәсекеге қабілетті мамандардан құрылады. Меритократия тең мүмкіндіктің және әділдіктің арқасында мемлекеттік қызметте қызмет баспалдағы бойынша қабілетті, білікті маманның жоғарылауына ықпал жасайды. Осы орайда, меритократия қағидатын уақыт талабына сай нығайту арқылы қабілетті қызметкерлерді шыңдауға, олардың кәсіби деңгейін арттыруға болады.

Меритократия қағидатын қолдану мемлекеттің өркендеуіне бағытталған жол, ал меритократия принциптерін нығайту мемлекеттік қызметшінің сіңірген еңбегін әділ бағалаудың мүмкіндігі болып табылады.

 

 

 

 

                                                          Қазақстан Республикасы Мемлекеттік

                                                          қызмет істері агенттігінің Жетісу

                                                          облысы бойынша департаментінің

                                                          Мемлекеттік қызмет басқармасының

                                                          бас маманы Б.Шарипова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз