Биыл Жетісу облысында апатты өткелдердің орнына 2 жаңа көпір салынып, қолданысқа беріледі. Олар — Сарқан ауданындағы Лепсі өзені арқылы өтетін және Қаратал ауданындағы суару каналынан өтетін көпірлер.
— Мемлекет басшысының Жетісу облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойында орналасқан 15 аппаттық көпірдің жаңа құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Өткен жылы Ескелді ауданының Бақтыбай, Кербұлақ ауданының Майтөбе және Көксу ауданының Жарлыөзек ауылдарында үш көпір салынып, қолданысқа берілді, ал Сарқан мен Қаратал аудандарында тағы екеуінің құрылысы биылғы жылдың қараша айының соңына дейін аяқталады. Қалған 10-ының құрылысы 2025 жылы басталады, — деді Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов.
Атап өтсек, бірер жыл бұрын Мұқан Төлебаев ауылының тұрғындары көпір салу мәселесін облыс әкімімен болған кездесуде көтерген болатын. Бұл — Мұқан Төлебаев, Шұбартүбек және Үлгі елді мекендерін орталықпен жалғастырып тұрған маңызды өткел. Оған қоса ауыл балалары мектепке осы көпір арқылы барады. Сондықтан бұл нысанның әлеуметтік маңызы басты назарға алынды.
— Бұл көпір бізді басқа ауылдармен, орталықпен байланыстырады. Көпір арқылы көршілес Шұбартүбек ауылының балалары біздің ауылға мектепке оқуға келеді. Сондықтан біз үшін – бұл аса маңызды құрылыс, — деді Мұқан Төлебаев ауылының тұрғыны Берікбол Шалтаев.
Аталған көпірде жарықтандыру мен жаяу жүргінші жолы қарастырылған. Қазір құрылыс алаңында 25 маман, 13 техника жұмыс істеуде.
Сол сияқты Қаратал ауданындағы Көкдала ауылында суару каналынан өтетін жаңа көпір салынуда. Ұзындығы 45 метр болатын өткелдің құрылысы 2023 жылы басталған. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, қосымша ескі көпірді бұзу жұмыстары жүріп жатыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі