Ардагерлерге құрмет

84

Барша адамзат үшін бейбіт өміріміз, азаттығымыз бен жарқын болашағымыз үшін жауға қарсы сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларымыздың көрсеткен ерен ерлігі үлгі. Еңселі елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген күн ұмытылмақ емес.  Ел басына күн туған уақытта  тұтас елдің азаттығы үшін қасық қаны қалғанша күрескен бабалардың қажымас қайсарлығы,  көзсіз қаһармандығы  ұрпақ  жадында  мәңгі  сақталары  хақ.

Аймағымызда соғыс және еңбек ардагерлерін әрбір мереке қарсаңында үйлеріне барып марапаттаудың дәстүрге енгізілгеніне біршама уақыт болды. Игі дәстүр қала күні мерекесі қарсаңында да өз жалғасын тапты. Қала әкімі Ернат Бәзіл Ұлы Отан соғысы ардагерлері Ысқақ Құсайынов, Төлеубай Шектібаев пен Қаңтарбай Сәрсенбайдың  отбасында болып,  құрмет көрсетті.

Ернат Дүйсенбекұлы  «Біз әрқашан ұрпаққа ашық аспан, алаңсыз өмір сыйлаған ержүрек майдангерлерді еске алып, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, ерліктеріне тағзым етеміз.  Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз өркенді болуы үшін біз бабалар салған бейбітсүйгіш қасиетті еселеп, елдік жолын бағдар етіп, жаңа заманға, жарқын болашаққа береке-бірлікпен қадам жасауымыз керек. Бұл  Отанымыз үшін кеудесін оққа төсеп,  бейбіт өмір сыйлаған,  қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен  өздеріңізге деген талдықорғандықтардың   құрметі. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін»-деді.  Ардагер қариялар бүгінгі ұрпаққа жайлы заман, ынтымақ пен береке тілеп, баталарын беріп, ардагерлерге қамқорлық танытқан  мемлекет, облыс, қала басшыларына алғыстарын  айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз