Жаңа спорт кешені – ел игілігіне

121

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту аса маңызды. Әсіресе балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді» — деп спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға көңіл бөлуді талап еткен еді. Осы орайда қала күні мерекесі қарсаңында  Өтенай ауылдық округінде  «Temirlan Аrena» спорт кешені қолданысқа берілді.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков  қатысып,  алаңда жаттығып жүрген балалар арасынан  болашақта әлемдік деңгейдегі жұлдыздар өсіп шығуына тілектес екенін жеткізді. Ол «Спорттың қоғамда алар орны ерекше. Себебі, спорт – ұлт мерейі, денсаулық, рухтың күштілігі. Өңірімізде спорттың қарыштап дамуына бар жағдай жасалуда. Біздің басты мақсатымыз да сол  саламатты өмір салтын насихаттап, денсаулығы мықты ұлт тәрбиелеу. Бұл ретте ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңа кешеннің қолданысқа  берілуі ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалана отырып,  бұқаралық спортпен шұғылдануына оң серпіліс берері анық»-деп атап өтті. Айта кетейік, заманауи үлгіде салынған спорт кешенінде спортшыларға барлық жағдай қарастырылған.  Мұндай жабық үлгідегі спорт кешені Өтенай ауылында алғаш рет бой көтеріп отыр. Дәрібек Қыдыркешов, арена басшысы: «40 жылдан астам уақыт хирург болып қызмет еттім. Ғұмырымда «денсаулық – басты байлық» деген көзқарасты ұстанған азаматпын. Аренаны салу жұмыстарымен қос ұлым айналысты, мен бағыт-бағдар көрсетіп отырдым. Бұл нысан ең әуелі ел игілігі үшін. Осы жерден бірқатар әлем чемпиондары шығып, мерейімізді асырсын. Қуанышты күндер, жарқын жеңістер  көп болсын!»

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз