Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының қаладағы барлық мемлекеттік, қоғамдық ұйымдардың, өндірістік кәсіпорындардың, бизнестік құрылымдардың басшыларына және қала тұрғындарына «Қазан айы — қарт адамдарды әлеуметтік қолдау айлығы» деп жариялау жөніндегі
Ү Н Д Е У І
Құрметті талдықорғандықтар!
Халқымыздың «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген киелі сөз бар. Еліміздің басына төнген ауыр қасіреттерді бастан өткеріп, сол қиын-қыстау күндері туған халқының қасынан табыла білген, бүгінгі жарқын өміріміздің қалыптасуына зор еңбек сіңірген біздің аға ұрпақ өкілдері қарияларымыз бүгінде қоғамның дамуына белсене араласып, еліміздің іргетасын нығайтуға және жас ұрпақтың тәрбиесіне өз үлестерін қосып келеді.
Қарт адамдар жасы ұлғайған шағында өзіне деген ыстық ықыласқа, мейірімділік пен көмекке зәру. Біздің Талдықорған қаласында 26 мыңнан астам ардагерлердің басын біріктіретін қалалық ұйым бар. Ұйымда ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен құрылған 5 салалық орталық және шағын аудандар мен ауылдық округтердегі ардагерлердің 6 бастауыш ардагерлер ұйымы, филиалдар бар.
Үстіміздегі жылы облыс әкімі Б.Ө.Исабаевтың қолдауымен облыс орталығында құрылған « Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында белсенді түрде қатысып жүрген ардагерлеріміздің саны 500-ден асты Бұл орталықта шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, бассейн, скандинавия жүрісі сияқты спорт түрлерімен қатар ән-би, қолөнер, тігіншілік, тіл үйрену сияқты үйірмелер тегін түрде толыққанды жүргізіліп жатыр.
Осы орталықтар мен филиалдар қала ардагерлерінің жағдайлары мен белсенділігін арттыру жолында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Құрметті жерлестер!
Қарт адамдар үшін жақсы сөз, лайықты демалысқа шыққан ұйымдар тарапынан көңіл бөлу, олардың еңбегін қоғам болып мойындау, сыйластық қарым — қатынаста сенімділік, үлкен маңызға ие. Алдағы айлық барысында осы жағдайларға көңіл бөле түсуіміз керек.
Өткен 2022 жылы Президентіміз Қ.К.Тоқаев өзінің Жолдауында 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы мөлшері 27 пайызға өсетінін және әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жасқа дейін төмендейтінін айтқан еді. Бұл егде адамдарға деген лайықты құрмет пен қамқорлық деп түсінеміз. Дегенмен қаламызда әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж зейнеткерлер бар. Халықаралық Қарттар күні қарсаңында Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі қаламыздағы ұйымдардың басшыларына ардагерлерге көмек көрсетіп, осы атаулы күнді ерекше айлық мерекеге айналдыруға Үндеу жолдайды.
Құрметті жерлестер!
Қаладағы тиісті ұйымдармен, адамдармен байланыс жасап, көмекке зәру егде адамдарды анықтап, мүмкіндігімізше қаржылай, материалдық және қысқа дайындығы жағынан көмек көрсетіп, осы маңызды науқанға өз үлесімізді қосайық!
Келешекке алаңдайтын, елім дейтін парасатты әрбір азаматтың арқасында ертеңгі күніміздің жарқын болуына көзіміз жетеді.
Қала ардагерлерінің Үндеуі түсіністікпен қабылданады деген сенімдеміз.
Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі