Қала күні мерекесі қарсаңында «Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ, «Ұмтылыс Q» ҚБ ұйымдастыруымен «Үздік келін» сайысы өтті. Келіндер шығармашылық қабілеттерін, аспаздық шеберліктері мен ұлттық салт-дәстүрді меңгеру деңгейлерін көрсетті.
Шараның мақсаты — мемлекеттік тілге құрмет көрсету, халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау. Сонымен қатар қазақ келініне тән әдептілік, ізеттілік, ісмерлік пен тапқырлықты дәріптеу. Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Нариман Естібаев: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол — адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін». Расымен де әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Дана халқымыз «Ұл туса, ұрпағым өседі, қыз туса, ұлтым өседі» деп тегін айтпаса керек. Аталмыш байқауды ұйымдастыра отыра отбасы құндылықтарын сақтай отыра өнегелі өмірдің бір бөлігін көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырғымыз келді»-деді. Алғашқы кезеңде сайысқа қатысушылар өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан ақпарат беріп таныстырса, екінші кезеңде шығармашылық қабілеттері сынға түсті. Сондай-ақ, дайындаған ұлттық тағамдарын ұсынып, жеке-жеке тоқталып өтті. «Сұрақ-жауап» кезеңінде келіндер қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы сауалдарға жауап берді. Шара қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Болатхановтар әулетінің келіні Жазира Қожаханова, ІІ орынды Каримжановтар әулетінің келіні Айнұр Омарғалиева, ІІІ орынды Мұратбековтар әулетінің келіні Ақерке Тоқтарова иеленді. Жеңімпаздар арнайы Алғыс хат, қаржылай сыйақымен марапатталды.