Несиелік каникул, әскерден кейінгі жоғары білім

85

Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті. Президент Қ.Тоқаев  әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту маңызды екенін әрдайым ескертіп келеді. Мәртебелі міндетті абыроймен атқарып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек етуге аттанған жауынгерлерге мемлекет тарапынан қауіпсіздік шараларынан өзге  бірқатар бағдарламалар мен қолдаулар бағытталған. Осы орайда азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру және несиелік каникул, әскерден кейінгі жоғарғы білім жөнінде Талдықорған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері баспасөз мәслихатында баяндады.

 

    Банктер армияда мерзімді борышын өткеріп жүрген сарбаздардың несиелерін тоқтатады. Еліміздің барлық өңірінің әскерге жинау пункттерінде әскерге шақырылушыларда кредиттер мен қарыздардың болуы туралы ақпарат жинау жұмыстары жүргізілуде. Несиелері бар жастар жергілікті әскери басқару органы басшысының атына қарыз алушының атауын, төленуге тиісті соманы және қарызды төлеуге байланысты өзге де деректерді көрсете отырып өтініш береді. Қарыздың бар екендігі туралы хабарлап үлгермеген сарбаздар бұл мәселені бөлімнің басшылығына жазбаша өтініш беру арқылы шеше алады. Бұл ретте жергілікті әскери басқару органының атына берілген туыстарының өтініштері де қаралады. Алынған мәліметтер реттеушіге беріледі. Өз кезегінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әскерге шақырылған сарбаздарға негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қажеттігі туралы қаржы мекемелерін хабардар етеді.

    «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңы және «Білім туралы»  Заңына сәйкес мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін әскери қызметшілердің жоғары және  жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуы үшін білім беру гранттарына квоталар енгізілді. Тегін оқытуға арналған мемлекеттік гранттар мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерге беріледі. Мақсат Дүйсебеков, Талдықорған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы: «Квота алуға үміткерлердің жетістіктері туралы барлық деректер Қорғаныс министрлігінің сайтында орналастырылған цифрлық платформасында тіркеледі. Запасқа шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде өмір мектебінен өткен азаматтар жоғары әскери, арнаулы оқу орындарына, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ҰБТ және емтихан нәтижелерін есепке алмай тегін негізде түсуге құқылы. Азаматтық жоғары оқу орындарына қабылдау медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білім беру бағдарламаларын қоспағанда, елдің заңнамасында белгіленген квоталар шегінде жүзеге асырылады. ЖОО-ға ҰБТ және емтихан нәтижелерін есепке алмай, өтеулі негізде түсуге шешім қабылдаған азаматтар бұл құқықты запасқа шығарылған күннен бастап екі жыл ішінде конкурстық іріктеусіз пайдалана алады. Сондай-ақ жоғары оқу орнында оқудың алғашқы жылында олар жатақханамен қамтамасыз етілетінін де атап өту керек».

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз