Талдықорған қалалық әкімдігі мен «Жетісу облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі , облысымыздың іскер әйелдер қауымдастығы және «Қайнар АКБ» ЖШС-нің қолдауымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. «Балаларды бірге қолдайық!» ұранымен қаламыздағы «Green Villa Hotel»мейрамхана кешенінде өткен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына жүзге жуық бала қатысты.Тамыз айы бойы өткен шараның мақсаты- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге,ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға,1,2 топ мүгедектігі бар балаларға жаңа оқу жылы қарсаңында жан жақты қолдау таныту.Салтанатқа қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл барша ата-аналар мен балдырғандарды құттықтап,игі тілегін жеткізді. «-Өздеріңізге мәлім Республика көлемінде Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында жыл сайын тамыздың 1 мен 30 аралығында«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтеді. Қаламызда бұл шара биыл өте жоғары деңгейде қолдау табуда. Аталған акцияның мақсаты: көпбалалы,жетім және ата –анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға,аз қамтылған отбасылардағы балаларға материалдық көмек көрсету және әлеуметтік себептерге байланысты мектепке келмей қалудың алдын алу болып табылады.Биыл осы акцияға демеушілік білдірген «Қайнар АКБ» , «ТASSAY», «Юником»ЖШС, және Жетісу облысының іскер әйелдер қауымдастығына, меценат Мадияр Қожахметовке ,үлес қосқан барша кәсіпкерлерге шын ниетіммен алғыс айтамын.Балдырғандарға мықты денсаулық,отбасына амандық тілеймін,еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын!»,-деген жүрекжарды тілегін арнады.Сыйлықтар табыстады. Балдырғандар да өнерлерін ортаға салып,көпшіліктің көңілін көтеріп тастады. Мерекелік салтанат балаларға арналған қызықты ойындарға ұласып,тосынсыйларға толы болды.
Асель Барибаева, «Жетісу облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:-Біз осындай шараны төртінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеміз.Бірлестікте облыс бойынша 150 бала тіркелген.Олардың арасында мүгедектігі бар балдырғандармен қатар тағдырдың жазуымен түрлі қиындыққа тап болған көпбалалы отбасылардың да балалары бар. Біз ешқайсысын бөліп жармаймыз.Барлығына бірдей қолдау танытып, көмек береміз.Ерекше балалардың қоғамнан тысқар қалып қалмауын қатаң қадағалаймыз. Оқушылар сарайында түрлі үйірмелер мен арнайы сабақтарға тегін қатысуына мүмкіндіктер жасалған.
Асем Абсеитова,ерекше баланың анасы:Қайырымдылық қол ұшын беріп,көмектесіп жатқан барша азаматтарға, қолдау танытқан кәсіпкерлерге алғысым шексіз.Осындай қайырымдылық шараларынан ешқашан қалдырған емес. Бүгін балалардың да өзіміздің де көңіл күйіміз көтеріліп,бір серпіліп қалдық.
Ермек Дарибаев,қала тұрғыны : —Өмірге ерекше болып келген баласын далаға тастамай, жетімдер үйіне қалдырмай,барлық қиындықты бірге еңсеріп отырған ата-аналарға алғысым шексіз.Мұндай мерекелердің балалар өміріне тигізер әсері өте мол.Балдырғандардың біразы үйде отырып қалған,осындай шараларда олардың жадыраған жүздерін көрудің өзі бір бақыт. Олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп,бір бірімен ойнап,күліп шаттыққа кенеліп жатыр. Ұйымдастырушыларға мың алғыс.