ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасында кітапхана бөлімінің ұйымдастыруымен есімі алты алашқа мәшһүр Мағжан Жұмабаевтың туған күніне арналған «Мен жастарға сенемін» атты поэзия кеші өтті.
Кеш техникалық және кәсіби дайындық бөлімі сарбаздарының қатысуымен ұйымдастырылды. Мерзімді әскери қызметтің қатардағы жауынгерлері Елдар Бейбітұлы, Әлихан Алмабай, Ерлік Қазыбектің өнерлері көрерменді тебірентті.
Ал Нариман Ералиев, Дәлел Тоқтарбек, Сұлтанбек Мыңжасаров, Ерасыл Бекбосын, Дамир Батталдар жауһар жырдың мазмұнын жүректен жүрекке жеткізді. Нақышына келтіре оқылған өлең тыңдарманды сырлы сезімнің жетегіне жетеледі. Көңілдерін бірде мұңға бөлеп, бірде жадыратты. Қиял әлеміне шомды.
Мерей Мәулетбек «Ер Тұран» күйін домбырада ойнаған кезде залды ескінің үнімен араласқан үн жастарды елін, жерін қорғауға шақырғандай әсер қалдырды.
Кеш Мағжан Жұмабаевтың шығармасына қайта ауысты. Жүргізуші Жанат Қабдолдаева көрермендерге ойын ұйымдастырды. Сыршыл ақынның кез-келген өлеңдерінен бір шумақ өлең оқып, тақырыбын жасырды. Сарбаздардың міндеті өлеңнің атауын табу. Көңіл сергітуге арналған бөлімде де мерзімді әскери қызметшілер белсенді қатысты.
Жастардың болашағынан мол үміт күткен ақынның сенімін ақтар шекарашы сарбаздар тұрғанда ұлтымыздың рухы құламасы анық.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті