Еліміз Тәуелсіздік алған соң астананы оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Осылайша елдің жаңа астанасына қолайлы қаланы анықтау үшін республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Таңдау Ақмолаға түсті.
Жоғарғы кеңес шешімі шықты. Мұнан кейін 1997 жылы Тұңғыш Президент астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін елорданың туған күні ретінде мерекеленіп келді. Кейінірек заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.Қазақстанның жас елордасы, бүгінгі Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы.
Осы Астананың мерейлі күнімен ұштасқан тағы бір мереке бар. Ол 2000 жылғы 6 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде ұтқыр күштер құрылған болатын. Кейіннен атауы аэроұтқыр әскерлері болып өзгерді. Ал 2017 жылы заман талабына сай десанттық — шабуылдау әскерлері болып қайта жасақталды.
Қазіргі уақытта десанттық-шабуылдаушы әскерлер – жоғары мобильді және соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған, негізгі күштерден, оның ішінде жау тылында басқа да тапсырмаларды өз бетінше орындауға қабілетті әскер тегі. Олардың жауынгерлік қуатын десанттық — шабуылдау, артиллериялық, барлау, бітімгерлік құрамалары, бөлімдер мен бөлімшелер құрайды. Десанттық-шабуылдау әскерлері барлық оқу — жаттығуларға, соның ішінде халықаралық жаттығуларға үнемі қатысады. Атап өтсек, олар армия халықаралық ойындарында нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Десантшы — жауынгерлер әрдайым өздерінің жоғары дайындық деңгейін, кәсіби шеберліктерін, аса күрделі тапсырмаларды орындауға қабілетті. Айтар болсақ, көк тарландары күндіз де, түнде де, тіпті күрделі метеорологиялық жағдайларда да парашютпен секіру тапсырмасын орындайды. Бітімгерлік қызмет атқаруда да десанттық-шабуылдау әскерлерінің қосқан үлесі зор.
18404 әскери бөлімі көптеген маңызды оқу-жаттығуларына қатысып келеді олар «Шекара», «Бейбітшілік Миссиясы», «Өзара Әрекеттесу», «Орталық», «Іздеу», «Айбалта», «Бекет — 2023», «Батыл Тойтарыс — 2023» және 2024 жылы наурыз айында Қарағанды қаласындағы «Спасск» далалық оқу-жаттығу орталығында өткен екі жақты командалық-штабтық оқу-жаттығуы.
Сондай-ақ, биылғы бірнеше облыста болған жауынгерлер су тасқынында бірінші болып қолұшын берді.
Елорда және Еліміздің қорғаны — десантшылар күні құтты болсын. Намысты қолдан бермеген қайтпас қайсар десантшылар жасай берсін!
Алмас Төлегенов, подполковник,
18404 әскери бөлім командирі