Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Қазақстан мен Қытайдың мызғымас саяси қатынастары өзара сенім мен қолдау рухында дамып келе жатыр. Екі ел арасында шешімін таппаған ешқандай түйткіл жоқ. Сондықтан күш біріктіре отырып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті жандандыруға ниеттіміз. Біз Төраға Си Цзиньпин екеуіміз жаңа ғана бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Құжатта екі ел қатынастарының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесі екенін баса айтты.
«Былтыр елдеріміз арасындағы сауда көлемі 41 млрд доллар болды. Алдағы уақытта тауар айналымын еселей түсеміз. Бұған әлеуетіміз жеткілікті. Қытай – біздің негізгі шетелдік инвесторларымыздың бірі. Кейінгі 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 млрд долларға жуық инвестиция тартылды. Былтыр Қазақстан экономикасына құйылған қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1,8 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі», — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде құны 14,5 млрд доллар болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4 700-ден асады.
«Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан ары жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және ІТ салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.