Қаламызды таза ұстау мәдениетіне бәріміз атсалысайық!

215

Облыс орталығы Талдықорған қаласында жаңа құрылыс бастау алып, халық саны да арта түсуде.  Сондықтан да  қала көркіне, тазалығына  жіті көңіл бөлініп келеді.

Осы жылғы 1 маусымнан бастап облыс орталығы Талдықорған қаласының қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау-жинау жұмысымен «Жаңа Сана» ЖШС айналыса бастады.  Бастысы қаламыздың таза да көрікті болуы.  Сәрсенбі күні  Б.Құранбек атындағы Журналистер үйіне  келген Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бүгінгі күннің өзекті мәселесіне  айналған тұрмыстық қалдықтарды шығару  турасында БАҚ өкілдеріне баяндап берді.

 Ернат Дүйсенбекұлы:«Қазіргі таңда қалада 853 көпқабатты үй алаңдарымен және 24 мыңнан аса жекеменшік үй, одан бөлек 14 мыңнан астам заңды тұлғаларға қоқыс жинау бойынша қызмет көрсетіледі. Талдықорған қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің аумағында барлығы 238 ҚТҚ жинау нүктесі бар, 626 контейнер орнатылған. Таратып айтар болсақ, оның 84-і жерасты контейнері, 91-і еуроконтейнер, 61-і стандартты контейнерлер болып табылады.  Сондай-ақ, 2023 жылғы 10 шілдеде Талдықорған қаласының аумағынан коммуналдық қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсетушілерді анықтау бойынша конкурс жарияланды. Алайда, әлеуметтік қызмет көрсетушілер конкурсқа қатысқан жоқ.  Содан 2023 жылдың 29 қыркүйегінде бұл қызмет көрсету түріне қайта конкурс жарияланды.  Конкурсқа қатысу үшін тек «Жаңа Сана» ЖШС және «Эко Сервис Алматы» ЖШС 2 жеткізушісінен өтінімдер ұсынылды. Конкурс  қорытындысының хаттамасына сәйкес «Жаңа Сана» ЖШС жеңімпаз атанды.

Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап «Жаңа-Сана» ЖШС 11 бірлік арнайы техника және 43 жұмысшы (контейнерлер үшін 8 бірлік, жерасты контейнерлері үшін 3 бірлік КМУ) тарта отырып, қатты қалдықтарды шығару жұмысын бастады. Бүгінгі күні ҚТҚ шығару бойынша жұмыстар жолға қойылды.Бұл компаниямен 5 жылға келісімшарт жасалған».

Сондай-ақ, іргелес аумақты 5 метр радиуста тазалау, контейнерлерді уақтылы жөндеу, әр 21 күн сайын дезинфекциялау және контейнерлерді жуу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге де қалада 52 бірлік қоқыс алаңдарын орнату жоспарлануда, онда 141 бірлік еуроконтейнерлер көзделген.

Талдықорған қаласы бойынша ҚТҚ шығару тарифі жеке тұлғалар үшін – 379,53 теңгені (1м3 үшін – 2846,45 теңге) құрады.  Әкімнің сөзінше, бүгінде  республиканың облыс орталықтарында ҚТҚ шығару бойынша орташа тариф 400-ден 500 теңгеге дейін өзгерді. Мысалы,  191 мыңдай  тұрғыны бар Көкшетау қаласының ҚТҚ шығару тарифі 500 теңгені құрайды.Ал біздің  қалада бекітілген ҚТҚ шығару тарифі ең төменгі болып табылады. Сонымен қатар, барлық коммуналдық қызметтер үшін жалпы төлемнен ҚТҚ әкету үшін төлем үлесі небәрі 4%  құрайтындығын  атап өтті.

Жиын барысында қала басшысы Е. Бәзіл қала тазалығы мәдениетін қалыптастыру әр  азаматтың міндеті екендігіне назар  аудартты.  Көшеде қоқысты  қалай болса солай тастай салатын кім , ол өзіміздің қала тұрғындары. Балаға кішкентайынан  қолындағы кәмпиттің қағазын  қоқыс жәшігіне салуды үйретуіміз керек. Сана тұнық болмай, тазалық мәдениеті қалыптаспайтындығы сөзсіз.

Ернат Дүйсенбекұлына   БАҚ өкілдері тарапынан көптеген саұрақтар қойылды. Кез келген мәселені ақылдаса отырып шешуге болатындығын жеткізді. Әлеуметтік желіге жағымсыз пікірлерді жаза бермей, мәселеге байыпты қарап, бірлесе  шешімін  табуға болатындығын айтып өтті. Қала тазалығына, көріктендіруге жұмыла атсалысайық. Бәріміз осы Талдықорғанның тұрғындарымыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз