10-14 маусым аралығында Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімінде Десанттық-шабуылдаушы әскерлердің офицерлік үшсайысы өтті.
Алматы, Қонаев және Талдықорғандағы десантшылардың басын қосқан жарыста ПМ-3 табельдік қаруынан ату, суға жүзу, қашықтыққа жүгіру бойынша мықтылар анықталды.
ПМ-3 табельдік қаруынан ату 18404 әскери бөлімінің қарудан ату алаңында өтсе, суға жүзу олимпиадалық типтегі орталық жабық бассейнде, ал қашықтыққа жүгіру Жетісу орталық стадионында өтті.
— Офицерлік үшсайысқа ерлер мен әйел әскери қызметшілер жас ерекшелігіне қарай бөлініп қатысты. Әскери қызметшілер жарысқа жақсы дайындықпен келген және деңгейлері өте жоғары. Офицерлік үшсайысы аяқталғаннан кейін оқу-жаттығу жиынын өткізіп ҚР ҚК чемпионатына дайындық жүргізетін боламыз, — деді ҚР ҚК ДШӘ Қолбасшы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының бағыт аға офицері майор Марат Ағамбаев.
Жарыстың қорытындысы бойынша командалық есепте 1-ші орынға 32363, 2-ші орынға 18404 және 3-ші орынға 61993 әскери бөлімдері жайғасты. Жеңімпаздарды марапаттау шарасы Жетісу орталық стадионында жүргізілді.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі