Жаңашылдықты серік еткен IT жеткіншектері

214

Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» -деген тәмсіл бар. Талдықорған қаласының қосымша білім беру ұйымдарының жеткіншектері  айтулы талай додаларда топ жарып келеді.  Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайындағы  ғылым мен техника, хореография, вокал, аспаптық өнер, тіл шебері, бейнелеу және қолөнер, туризм, спорт бірлестігінің үйірмелері балаларды  өнер мен білім, спорт пен  робототехникаға бейімдейді.

Осы жуырда Журналистер үйі ғимаратында «Робо ЖУ-2024» роботтық техника бойынша олимпиада өтті. Шараны І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ұйымдастырды. Бұл сайысқа қаланың барлық білім ошақтарынан робототехникаға бейімі бар балалар өзара сайысқа түсті.

IT JET командасының мүшелері Жәнібек Тұрсынбекұлы, Мәди Бақытжан, Алихан Чакаров, Арслан Аркенов, Тамерлан Чакаров  арнайы дипломдармен марапатталды. Ал жетекшілері Айгүл Сыдықоваға сертификат табысталды.   Талдықорғандық  жеткіншектердің жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Бірнеше рет республикалық, бүкіләлемдік робототехника байқауында топ жарып келеді.  Жас техниктер модельдеудің сан түрін Айгүл Сыдықованың жетекшілігімен үйреніп, меңгеруде. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген осы шығар.

Айта кету керек,  28-29 қазан аралығында Алматы қаласында өткен ÄLEM FIRST CHAMPIONSHIP жарысында Оқушылар сарайы «МКҚК» «IT-технология» үйірмесі  атынан AJT командасы Нұрасыл Шарипов, Жәнібек Тұрсынбекұлы,  Алихан Чакаров,  Мәди Бақытжан,  Алан Ерланұлы,  Диана Диқанбекова,  Алдияр Жұмабай,  Абылайхан Жақсылық  қатысып, «ROBOT DESIGN FINALIST AWARD» және «CHAMPION’S FINALIST AWARD» марапатын алды.

 Осы мамыр айында «Art-BEST»  республикалық балалар шығармашылық байқауының  робототехника номинациясы бойынша Айсұлтан   Қайдар  «Бас жүлде»  және Бақытжан Мади 1-орын  дипломдарын иеленді.

 Бұдан басқа да, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Оқушылар сарайының, IT-технология үйірмесінің жас өнертапқыштары 23-25 ақпан аралаығында Астана қаласында өткен, робототехника бойынша Central Asia first championship жарысында жүлдемен  оралды.  «AJT» команда атауымен шыққан  Нұрасыл Шарипов,Жәнібек Тұрсынбекұлы, Мади  Бақытжан, Алихан Чакаров, Жақсылық Абылайхан және Диана  Диханбекова секілді  жас робототехниктер «RISING ALL-STAR AWARD» марапатын алып, 3 орын иегері атанды. Осы сапарларында кезінде білім министрі атанған жерлесіміз Күләш Ноғатайқызы Шәмшидиновамен жолығып, ол кісінің ақ батасын алды.

Өрендердің жетекшісі Сыдықова Айгүл  Жұмашқызы  әрдайым  балалардың жеңісіне қуанып, солармен бірге жарыстарға да барып жүр. Жаңашылдықты серік еткен шәкірттерінің жеңісіне қуанады. Әрдайым биік белестерді бағындыра берсін деген тілекте. Айтар болсақ, оқу жылының аяқталар сәтінде  Оқушылар сарайы мекемесіне қарасты  8 бірлестіктің арасында  ғылым мен техника үйірмесі  1-орынды иеленді.   Жер  жаннаты  Жетісудың жас техниктерінің алар асуы әлі алда.  Алдағы күндері  Өскемен қаласында өтетін жас техниктер байқауына баруға дайындалуда. Жеңіспен оралуларына тілектеспіз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз