Жетісу гарнизонындағы 54380 әскери бөлімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті.
Мемлекеттік рәміздер күні Қарулы Күштердің жазғы оқу кезеңінің басталуымен тұспа-тұс келді. Бұл күні Жетісу гарнизонының әскери бөлімдерінде салтанатты митингтер мен іс-шаралар ұйымдастырылды.
Салтанатты шара әскери қызметкерлердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туына сап түзеп, Гимн орындауымен басталды. Әскери бөлімдерде мемлекеттік рәміздердің жеке құрамның алдына шығарылуы ұйымдастырылды. Митингте бөлім командирлері жеке құрамға мемлекеттік рәміздердің тарихын, мәнін және оларға қатысты ерекше деректерді жеткізді.
— Көк Тудың желбірегені – жеңістің келгені. Қазақтың атын әлемге әйгілеп, бәйгелерден озып, талай отандасымыз беделімізді асқақтатты. Спортшыларымыз дүниежүзілік сайыстар мен олимпиадаларда Қазақстанның Туын көтерді. Біздің жалауымыз ең биік шыңдарға орнатылды. Эвересті бағындырды. Осындай жеңістер мен жарқын жетістіктерге жетелейтін байрағымыз бар. Сондықтан, қастерлі рәміздерге деген құрмет мәңгі болғай, — деді әскери бөлім командирі полковник Бауыржан Жұмағұлов.
Жетісу гарнизоны баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара соңында жеке құрам рәміздердің алдында саптық шерумен өтті.