Тракторшы Қарашаш апа

664

Талдықорған қаласы   Еркін ауылдық округінің  «Көктал» шағын ауданында  бақыттың кілтін еңбектен тапқан  Қарашаш Батырова апамыз тұрады. Ол кісінің ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлес қосып, тракторды тізгіндегенін естігенде еріксіз таңқалдым.

Ер-азаматтармен қатар жүріп, таңның атысы, кештің батысы уақытпен санаспай шаруашылықтың маусымдық жұмыстарын жылдың барлық мерзімінде атқара беретін. «Ол кезде кеңестік кез. 1958 жылы Көкжазық  ауылындағы мектепке барып, 1968 жылдары  10 жылдық мектепті аяқтадым. Ол кезде   Заря мен Еркін ауылдары іргелі шаруашылықтар болатын.  Кейіннен егемендік алған соң бұл екі ауыл Талдықорған қаласының құрамына енді ғой. Қарабұлақтағы ауылдық кеңеске қарайтын.Еркін ауылына келін болып түстім. Сауыншы болып жұмысқа тұрдым. 1970 жылдары механизаторлық курсты оқыдым.  Қаз. ССР Агроөнеркәсіптік комиетінің Көксу ауылшаруашылық техникумын  сырттай оқып бітірдім. Содан 1991 жылға дейін МТЗ-80 тракторын  жүргіздім. Жұмыс десе жанып тұратынбыз.  Ол уақытта социалистік жарыс еңбекке баулитын біздерді. Жұмыстың арқасында еңбек озаты атандым. Жыл сайынғы еңбек жалаушасы менің тракторымның алдында желбіреп тұратын. Отбасымда жан жарымызға, балаларға қарау міндеті де бар. Кешке келіп, нан пісіріп, кірімізді жуып бәріне үлгеретінбіз. 3-4 сағат ұйықтап , таң бозынан жұмысқа кететінбіз. Сонда деймін,  үйде 4-5 сауын сиыр бар, оларды сауып, жайылымға жіберу, бұзауды арқандаймын. Сүтті жинайтын жерге апарып оны өткізіп келетінмін. Қайнаған тіршіліктің ортасында жүрдік. Көктемгі егістікке дайындалып, барлық техникалар атыздарда жүретін. Нағыз еңбек сонда ғой. Қарап отырсам, сол бір кезеңдер қызық еді, – деп өткен күндерді еске алды  Қарашаш апа.

Түр-келбетіне қарап бұл кісіні кезінде техника тізгіндеп, дала қосында маңдай тер төккен деп ешкім пайымдай қоймас.  Әдемі қартайған кісі. Егер де Еркін ауылына барып «Қарашаш Батырова » десеңіз жұртшылық «Әлгі трактор жүргізген Қарашаш ғой » деп бірден айтып жатады. Бұл, әрине,  бүгінде тек  жеңіл автокөлікті тізгіндеп жүрген қыз-келіншектерге таңсық болар. Бірақ өткен ғасырдың орта шеніндегі әйел-аналар жастайынан ауыр техникаға отырып, еңбектің нақ үлгісін көрсете білді.

Ауыл шаруашылығы  саласын дамытуға барша ел жұмылдырылған шақ. Оған қоса, қостанайлық механизатор Кәмшат Дөненбаеваның «Қыз­дар – техникаға!» ұраны ен далаға тарап, әйел қауымы ауыр техникаларға отырып жатқан кезең.  Қарашаш Отарбайқызы да  бірден  техниканы тізгіндеп,  20 жылдан аса  еңбек етіп, «озат тракторшы» атанады. Шаруашылыққа жемшөп дайындау кезінде жұмыс өте қауырт еді. Бірнеше мың гектар жерді МТЗ-80 тракторын жүргізіп, игеруге атсалысқан.

Еңбегі бағаланып, аудандық кеңестің депутаты болып, халықтың мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізіп отырды.  Атызға салатын тұқымды сонау Алажидеден тасымалдауға тура келетін. Қажет кезінде  Үштөбедегі құс фермасына жемшөп  жеткізетін еді. Қиындыққа мойымады.

Ер мінезді апамыз кей шақта әріптестеріне жақпай қалушы еді. Сондай кезде өздерінен алға озып еңбек көрігін арттырып жүрген апамыздың техникасының ертеңге жұмысқа шықпай қалуын тілейтіндер де табылатын. Алайда, егер де техникасы сыр берсе, оны түн демей, күн демей өзі жөндеп алатын. Сақадай-сай етіп кете беретін. Ауылдастарының аузында ол кісінің еңбекқорлығы ерекше аталады. Алдыңғы қатарлы тракторшының айтуынша, техникаға да мейірім керек. Өйтпесең, бұзыла береді, баптау қажет. Шаруашылықта сауыншы да, механизатор да, қосалқы бөлшек саймандар қоймасының меңгерушісі де  болды, ауыр жұмыстан қашқан емес.

Адалдықты бойына сіңірген еңбекқор жан Қарашаш Отарбайқызы  1990-жылдары шаруашылықтар таратылып, жекешелендіру кезеңі басталған да да үйде босқа отырған жоқ. Үш адамнан құралған тарату комиссиясының белді мүшесі болды, еңбек еткен жылдарын есептеп, жұмысшылардың үлесін беруге атсалысты. Одан әрі 2000-2007 жылдарға дейін жұмыс жасап, зейнеткерлікке жетеді.

Қазірде зейнет жасындағы  атамыз бен апамыз   3 баладан тараған немере-шөберелер ортасында. Қарашаш апа үйінің алдындағы бау-бақшасын жаз бойы баптап, алған өнімді ұқсатып, банкіге жауып алады. Ал қыс бойы бұл жеміс-жидекті  немерелер мен шөберелерге жіберіп отырады. Олар да «сіздің қолыңызбен жасаған шырыныңыз, қияр-қызанағыңыз қандай дәмді» деп көңілін көтеріп кетеді. Балалаларым-бақытым дейтін апамыз ұрпағының амандығын тілеп, әрқайсысының жетістігін айтудан жалықпайды. Көктем келді дегенше Қарашаш апамызға да жұмыс табылады. Бау-бақшасын баптайды. Осылайша, бір кездегі бейнетті еңбектің зейнетін көруді нәсіп еткен күндеріне тәубе деп отырған тракторшы  апа «Ана жүрегі» медалінің де иегері. «Өз қызығушылығымызбен еңбек еттік, маңдай тердің жемісін көрдік» дейді.  Қазіргі күні  ауыр техникаға отырмақ түгілі  күнделікті  жұмысына барғанға қиналып жататындар бар. Сондықтан  егістікке  жол салып, еңбек даласында кейбір ер жігіттердің қолынан келмейтін жұмысты жасаған Қарашаш Батырова  секілді әйел-анаға құрмет мол!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз