Қала аумағында 384 шақырымнан аса арық жүйелері бар болса, соның көп бөлігінің тозығы жеткен. Осыған орай, өткен жылы бірнеше көше бойындағы арық жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, жалпы 2 шақырымнан аса арық латоктары жаңартылған болатын.
Биылғы жылы да, бұл жұмыстар қолға алынып, 10,7 шақырым болатын арық арналарына жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Сала мамандарының сөзінше, ағымдағы жылы көктем айында қала аумағында басталған көпір өткелдері мен арық жүйелерін құм-қайырдан, қоқыстан тазарту жұмыстарының әлі де жалғасып жатқандығын мәлім етті.
Сонымен қатар, қаланың автобекет ауласынан өтетін, жалпы ұзындығы 90 метр болатын арық арнасы кеңейтіліп, жаңа латоктар қойылуда. Осылайша қаланың көп бөлігін арық суымен қамтып, жасыл желектерді күтіп ұстауға және тұрғындардың бақша дақылдарын суғаруына да мүмкіндік тумақ.