Талдықорған «Білім-инновация» лицей-интернатында «Әскери жолмен, жігерлі ұлан болайық!» атты салтанатты шеру өтті.
Бұл шараға 8, 9, 10 сынып оқушылары қатысты. Шеру шарты саптық жүріс, әскери сәлемдесу, әскери форманың болуы, әнді орындауы, командирдің взводты алып жүруін қамтыды.
Жетісу облысы «Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы отставкадағы 1-ші дәрежелі капитан Рахым Қырғабақов, Ауған соғысының ардагері, запастағы майор Талғат Бердікенов, запастағы капитан Сәуле Куренкеева салтанатты шерудің арнайы қонағы болды.
Сондай-ақ,Талдықорған қаласының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері аға лейтенант Нұрдәулет Дәулетбекұлы, аға сержант Талғат Иешов және кіші сержант Алишер Букенбаев әділқазы ретінде төрелік етті.
— Іс-шараның басты мақсаты — қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау және дамыту бойынша жұмыстардың мазмұнын жетілдіру. Жастарға қажетті дағдылар мен ептілікті қалыптастыру, — деді жетекші алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы — ұйымдастырушысы Дархан Байсалбаев.
Шара соңында жеңімпаз сыныптар анықталып, марапатталды. І орын 10 а сыныбы, ІІ орын 10 б сыныбы, ІІІ орын 9 а сыныбы, «Үздік командир» номинациясын 8 а сыныбының оқушысы Нұрзат Әмірсейіт, «Үздік сыртқы келбет» номинациясын 8 б сыныбы, «Үздік взвод» номинациясын 9 б сыныбы жеңіп алды.
Орын алған сыныптар мен номинацияға ие болған оқушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі