Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Ынтымағы жарасқан халқымыз бір кездері тағдыр тәлкегіне ұшыраған түрлі этнос өкілдерін өз туғанындай қабылдап, жеріміз миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Бұл мереке бүгінгі таңда құрмет пен сыйластық, мейірім мен ізгіліктің айшықты көрінісі.
Евгений Ефремов, Талдықорған қаласының тұрғыны:
— Мен керемет көрікті де әсем қала Талдықорғанда туып–өстім. Әкем Талдықорғанның тумасы, ал анам Ресейден болады. Өзімді Талдықорған қаласының тумасымын деп толықтай айта аламын. Қаладағы №17 мектептің түлегімін, орыс сыныбында оқып, білім алдым. Менің ұлтым орыс болса да, жүрегіммен, дініммен қазақпын. Өзім мұсылман дінін ұстанғандықтан, екі жыл қатарынан ораза тұттым. Жолдасбеков атындағы бизнес және құқық академиясын бітірдім, мамандығым заңгер. Қазіргі таңда қаржы саласының қызметкерімін. Тілді ниет болса үйреніп алуға болады екен. Бала кезімнен қазақ тіліне қызығушылық танытып, достарыммен сөйлесіп жүріп үйрендім. Курстарға қатысқаным жоқ, білмегенімді келіншегім үйретеді. Қазақ әндері әуезді келеді, тілді меңгеруіме ән айтудың да септігі тиді. Әнді караокеде айтқанды ұнатамын, тіпті, қазақша әндермен қоса орыс және ағылшын тілдерінде айтамын. Мұқағали Мақатаев атамыздың өлеңдерін жатқа оқимын. Жиын, отырыстарда жырларды жатқа айтқанымда көпшілік таңданыс білдіріп жатады.Меніңше, көп тіл білу мен меңгерудің пайдасы зор. Қазақша сөйлей білгенімнің арқасында келіншегімнің ата-анасымен өте жақсы қарым- қатынастамын, өз ұлындай көріп сыйлайды. Біз шаңырағымызда бүкіл қазақтың дәстүрлерін ұстанамыз. Әрине, Наурыз мейрамын жақсы көреміз, наурызкөже пісіріп, қонақ шақырамыз. Меймандостық жағынан келіншегім де, мен де өте қонақжаймыз. Үйіміздің есігі әрқашан ашық, қонақ үзілмейді.Үйде көбіне қазақтың ұлттық тағамдарын дайындаймыз. Бесбармақ, қуырдақ сүйікті асымыз. Жұма сайын бауырсақ пісіру де ұмытылмайды. Араласып тұратын достарымның басым көпшілігі қазақтар. Олардың арасында тек дос емес, туған бауырымдай болып кеткен, адал жандар да бар. Қазақтар өте кішіпейіл, бауырмашыл, жанашыр, конақжай халық. Басыма іс түскенде көмектескен бауырымдай болған қазақ достарыма мың алғыс айтамын!